Шымкентте қаламгерлер мен оқырман рухани ортада кездесу өткізді

0
47

Әдебиет – ұлттың жаны. Ал қаламгер – сол жанның үні. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен «Заман және қаламгер» атты шығармашылық кездесу осы сөздің айғағындай әсер қалдырды. Қаладағы Жастар ресурстық орталығында өткен әдеби басқосу шымкенттік ақын-жазушылар мен оқырман қауымды рухани ортада тоғыстырды.

Іс-шараның басты мақсаты – қалам ұстаған азаматтардың еңбегін дәріптеу, әдебиет арқылы қоғамның рухани әлеуетін арттыру және жас ұрпақты кітап оқуға баулу.

Кешке қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қасымхан Бегман, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов қатысып, сөз өнерін серік еткен жандарға ізгі тілектерін арнады.

– Қала әкімдігі әдебиет пен мәдениетке ерекше көңіл бөліп келеді. «Абай оқулары», «Кітап оқитын ұлт» сияқты жобалар – руханиятқа салынған инвестиция. Егер кітап шынайы жүректен туса, тілі шұрайлы болса, ол өз оқырманын міндетті түрде табады. Біз сапалы шығармашылықты қолдауға әрдайым дайынбыз, — деді Сәрсен Абайұлы өз сөзінде әдебиеттің қоғамдағы орнын айта келіп.

Кеш барысында қаламгерлердің жаңа туындылары таныстырылды. Атап айтқанда, Момбек Әбдіәкімұлының «Сыр шерткен өткеннен» атты естеліктер жинағын, Фатима Забурқызының «Тасжүрек» атты әңгімелер топтамасы мен Айгүл Қалтайқызының «Із» атты өлеңдер жинағын оқырман назарына ұсынды.

Әдебиет пен заман тақырыбы төңірегінде өрбіген пікірталас еркін әрі шынайы өрнек тапты. Қаламгерлер бүгінгі қоғамдағы сөздің салмағы, жазушының жауапкершілігі мен жаңа заман талабындағы әдеби үрдістер жайында ой бөлісті. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Момбек Әбдіәкімұлы кешті жүргізіп отырды.

– Әдебиет – өркениеттен бұрын туған киелі өнер. Тілді жасаушы да, ұлттың рухын сақтаушы да – қаламгер. Тілсіз халық – тамырсыз ағаш секілді. Сол себепті жазушы – қоғамның айнасы. Бүгінгі жиында сол айна жарқырап көрінді, – деді Момбек Әбдіәкімұлы.

Шара соңында шығармашыл жастар да өздерінің өлеңдері мен прозалық үзінділерін оқып, әдеби ортадан шабыт алды. Оқырмандар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, қаламгерлермен еркін сұхбат құрды. Сондай-ақ руханият пен өнерге осындай шынайы қолдау көрсетілуі – қоғамның мәдени келешегін жарқын ететін игі қадам екені айтылды. Қатысушылар мұндай кездесулердің шығармашылыққа серпін беріп қана қоймай, қаланың рухани тынысын кеңейте түсетінін жеткізді.


ПІКІР ЖАЗУ