КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ – ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚОЗҒАУШЫ КҮШ

Креативті индустрия бүгінде Қазақстан экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналып келеді. Бұл сала дизайн, медиа, кино, музыка, IT, сән және өнер сияқты бағыттарды қамтып, елдің әлеуметтік және мәдени дамуына серпін беріп отыр. Осы өзекті тақырып «Хабар» арнасындағы «Азамат» интеллектуалды бағдарламасының кезекті шығарылымында талқыланды. Шығарылымда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері өз көзқарастарын ұсынды.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері креативті индустрияның дамуы үшін өңірлік хабтар желісін құру, салықтық жеңілдіктер беру және жастардың өз қаласында дамуына мүмкіндік жасау қажет екенін атап өтті. Студенттердің пікірінше, аймақтарда зерттеу жүргізу арқылы әр өңірдің ерекшелігіне сай хабтар құру керек. Бұл жүйе жастардың агломерацияға кетуін азайтып, жергілікті таланттардың өз қаласында дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар 5–7 жылға дейін 1 пайыздық салық мөлшерлемесін енгізу, 20 аймаққа бағытталған креативті орталықтар ашу және жергілікті стартаптарға инфрақұрылымдық қолдау көрсету бастамасын ұсынды.
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері креативті индустрияны аймақтарға бөліп дамыту тиімді емес деп есептейді.
«Креативті индустриядағы басты ресурс – адамның ойы мен шығармашылығы. Егер оны өңірлерге бөлсек, идеялар тоғысы мен бір-бірінен үйрену мүмкіндігі шектеледі», – деді пікірсайысшылар.
Команда елдің шығармашылық әлеуетін арттыру үшін бірыңғай және ашық шығармашылық орта құру, Креативті индустрия агенттігін қалыптастыру және «Креативті экономика туралы» жеке заң қабылдау қажет деп санайды. Сондай-ақ студенттер 2025–2035 жылдарға арналған Креативті индустрияларды дамыту бағдарламасын қабылдау, жыл сайын 100 грант бөлу жүйесін енгізу және жаңа стартаптар мен жобаларға мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңейту ұсынысын жасады.
Бағдарламаның қазылар алқасы құрамында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Креативті индустрия департаментінің директоры Гүлісхан Нахбаева, «OzgeEpic» креатив хабының негізін қалаушы Мақпал Жұмабай және «Qazaq Debate» қозғалысының негізін қалаушы Ерболат Мұхамеджан болды.
Тартысты пікірсайыс нәтижесінде Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің командасы жеңімпаз атанды.








