Жастарға теріс ағымнан сақтанудың тетіктері түсіндірілді

Шымкент қаласында Дін істері басқармасы Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп «Адал азамат: шет елдегі діни білім, күмәнді теологиялық оқу орындары және жат ағымдардың қаупі» атты кең көлемді ақпараттық-түсіндіру шарасын ұйымдастырды.
Басқосудың басты мақсаты – жастарды теріс діни идеологиядан қорғау, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, діни сананы нығайтып, рухани тұрақтылықты арттыру.
Жиынға республикалық ақпараттық топ мүшелері, теологтар мен дінтанушылар қатысып, студенттермен ашық сұхбат жүргізді.
Кездесу барысында мамандар шетелде діни білім алуда сақтық қажет екенін, күмәнді оқу орындарының зардаптарын, деструктивті ағымдардың белгілерін түсіндірді. Әлеуметтік желілерде тарайтын радикалды идеяларға қарсы тұру жолдары да кеңінен баяндалды. Қатысушыларға «Әмірдің ақыры», «Адастырған«Ақиқат»» деректі фильмдері мен «Жат ағымның қаупі қандай?», «Онлайн медресе – кімнің ордасы?» атты жат ағымдардың қаупін түсіндіретін бейнероликтер ұсынылды.
Екі кезеңде 1400 студент қамтылды, ал үш күндік бағдарлама аясында 9 ЖОО мен 16 колледжде, сондай-ақ 18 жекеменшік мектепте түсіндіру жұмыстары өтпек.
Жиында алғаш сөз алған философ-дінтанушы Досай Кенжетаев жастардың санасына түрлі ішкі-сыртқы ықпалдар әсер етіп жатқанын жеткізіп, радикалды ағымдардың зардаптары әлі толық жойылмағанын айтты. Оның пікірінше, зайырлылық – дінді жоққа шығару емес, барлықсенімге әділ орта қалыптастыратын жүйе. Спикер ақпараттық кеңістіктегі еркіндіктің жауапкершілігін де атап өтіп, медиасауаттылық пен сыни ойлаудың маңызын түсіндірді. Ол тіл, дәстүр және отбасының рухани қауіпсіздіктегі рөлін ерекше көрсетті.
Сонымен қатар «Жалын» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрмет Керімбеков Шымкентте жастардың діни тұрақтылығын сақтауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Теологтар студенттерге ақпараттарды сенімді діни білім көздерін алу қажеттігін түсіндіріп, күмәнді шетелдік оқу орындарының зиянын мысалдармен жеткізіп келеді. Оның айтуынша, жастардың діни көзқарасы көбіне әлеуметтік желі арқылы қалыптасады, ал ақпаратты сараптау қабілетінің төмендігі кейбірін радикал бағытқа итермелеуі мүмкін. Сондықтан алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда.
Жалпы, «Адал азамат» жобасы жастардың діни сауатын арттырып, рухани иммунитетін күшейтуге бағытталған маңызды бастама болды.

Бұл шара қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, ұлттық құндылықтарды нығайту және жастардың жауапкершілікті көзқарасын қалыптастыру жолындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі саналады.








