Шымкентте тоғызқұмалақтан командалық Қазақстан чемпионаты өтуде

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ федерациясы арасындағы ынтымақтастық аясында ҚХА Ақсақалдар кеңесі мен ҚР Тоғызқұмалақ федерациясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірледі.
Аталған жоспардың мақсаты – ұлттық зияткерлік ойынды насихаттау, жастар мен жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастыру және ел ішінде ұлттық спорттың дамуына серпін беру болып табылады.
Бүгінде елімізде ұлттық спортты дамыту мен жастар арасындағы интеллектуалдық ойындардын асихаттау мақсатында маңызды шаралар ұйымдастырылуда. Осы орайда, Шымкент қаласының Достық үйінде 2025 жылдың 1-7 қараша аралығында тоғызқұмалақтан жастар мен жасөспірімдер арасында командалық Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылды. Чемпионатқа еліміздің барлық облыстарынан 300-ге жуық үздік спортшы қатысып, командалық есепте өзөңірлерінің намысын қорғауда.
Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлерінен кешенді спорт клубының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бахтияр Махимов жарыстың ресми ашылу салтанатында сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тілеп, олардың арасынан келешекте ел намысын абыроймен қорғайтындарынды чемпиондар шығатынына сенім білдірді.Бұдан бөлек, ол аталмыш чемпионаттың жас таланттардың шыңдалуына және ұлттық спорттың беделін арттыруға зор мүмкіндік екенін атап өтті.
Чемпионаттың негізгі мақсаты – тоғызқұмалақты бұқаралық спорт ретінде дамыту, жасөспірімдердің логикалық ойлау қабілетін арттыру және ұлттық ойын арқылы патриоттық рухты нығайту. Сонымен қатар, жасөспірімдер мен жастар арасында еліміздің құрама командасын жасақтау да осы жарыстың маңызды бағыттарының бірі болып саналады.
Федерация басшылығының мәлімдеуінше, бұл чемпионат еліміздегі жас спортшылар үшін тәжірибе алмасу мен халықаралық деңгейге шығуға дайындық алаңы болмақ. Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар мен спортшылар марапатталып, республикалық рейтингке енгізіледі. Ал жарыс нәтижелері алдағы халықаралық турнирлерге қатысатын құрама команданы жасақтауда маңызды көрсеткіштердің бірі ретінде ескеріледі. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар бұл чемпионат жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп, ұлттық интеллектуалдық спортты дамытуда басты бағыттардың біріне айналатынын атап өтті.








