Жаһандық науқан зорлық-зомбылықсыз қоғам қалыптастыруға жол ашады

0
49

Елімізде гендерлік, тұрмыстық және цифрлық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді әрекеттің 16 күні» атты жаһандық науқаны өтіп жатыр. Науқанды БҰҰ-ның Қазақстандағы елдік тобының тұрақты үйлестіруші кеңсесі мен еріктілері және «БҰҰ-әйелдер» құрылымы, сондай-ақ inDrive және Alternativa жобасымен ынтымақтастықта жұмыс істейтін Орталық Азиядағы гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі альянс ұйымдастырып отыр.
Биылғы бастама қоғамды қауіпсіздік пен құрмет мәдениетін нығайтуға шақырып, зорлық-зомбылық мәселесін өзара ашық талқылаудың маңызын көрсетпек. Фестивальдің ашылуы Астана қаласында Асхат Күчинчирековтің «Бауырына салу» фильмінің көрсетілімімен басталды. Картинада эмоционалдық зорлық, әйелдердің осалдығы, әлеуметтік нормалардың қысымы және жақындық байланысының жоғалуы секілді маңызды тақырыптар көтеріледі. Туынды барысында көрермендер әлеуметтік қысым, қоғамдағы қалыптасқан стереотиптер және көбіне үнсіз қалатын мәселелерді көркем формада көтерген сәтін тамашалады. Шарадан кейін сарапшылар мен қатысушылар пікір алмасып, цифрлық кеңістіктегі келеңсіз жағдайлар мен қолдау қызметтерінің қолжетімділігі және қоғамның жауапкершілігі туралы ой бөлісті. Биылғы науқанның мақсаты — онлайн ортадағы зорлық-зомбылыққа назар аудару. Соңғы жылдары интернеттегі қорлау, қудалау, жалған ақпарат тарату және рұқсатсыз контент жариялау жағдайлары артып, әсіресе жас қыздар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне әсерін күшейтіп отыр. Осыған байланысты ақпарат беру, алдын алу шаралары және цифрлық сауаттылықты арттыру жұмыстары ерекше мәнге ие. Науқан күндері әр қалада түрлі форматтағы кездесулер, әңгімелесу алаңдары, фильм көрсетілімдері мен ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындарға зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсы әрекет ету қажеттілігі түсіндірілуде. Бұл бастама өнер арқылы және ашық диалог пен қоғаммен тікелей жұмыс арқылы зорлық-зомбылыққа төзбей, керісінше төтеп беру мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, әр азаматтың қауіпсіз орта құрудағы ортақ жауапкершілігін еске салатын маңызды қадам. Қатысушылардың белсенділігі, ашық диалог пен шығармашылық тәсілдер арқылы қоғамдағы күрделі мәселелерді ашық айту – нақты өзгерістерге негіз болады. Мұндай бастамалар адамдарды бір-біріне құрметпен қарап, қолдау көрсетуге, сондай-ақ цифрлық және офлайн кеңістікте әділ әрі қауіпсіз қоғам орнатуға мүмкіндік береді.
Науқан қоғамды ұзақ мерзімді оң нәтижелерге бағыттап, зорлық-зомбылықсыз болашаққа бірге ұмтылуға жол ашады.

Күннұр БОЛАТБЕК


ПІКІР ЖАЗУ