Қыш өнерін жаңғыртқан халықаралық фестиваль Шымкентте жалғасты

Қолөнердің көне түрі саналатын қыш жасау ісін дәріптеу мақсатында еліміздің үшінші мегаполисінде ерекше мәдени шара – халықаралық қыш өнері фестивалі басталды. Оны №2 Оқушылар сарайы ұйымдастырып отыр. Фестивальдің басты мақсаты – ұлттың рухани мұрасын сақтау, ұмыт бола бастаған қолөнер дәстүрін жаңғырту және жастардың шығармашылық қабілетін дамыту. Шара барысында қазақстандық және шетелдік қыш шеберлері бас қосып, өзара тәжірибе алмасып, шеберлік сағаттарын өткізуде.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жиын жас буынның дәстүрлі өнерге деген қызығушылығын арттырып, рухани сабақтастықты нығайтуға бағытталған.
Оқушылар сарайының директоры Данияр Егізбаев фестивальдің маңызына тоқталып өтті.
– Елдің ынтасын көтеріп, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында халықаралық деңгейде фестиваль ұйымдастырдық. Әр елден келген шеберлер өз тәжірибесін бөлісіп, балаларға шеберлік сағаттарын өткізеді. Сондай-ақ, бүгін Шымкент қаласындағы ең үлкен қыш құмыраның таныстырылымы өтеді. Оның биіктігі – 2 метр. Бұл туындыны №2 Оқушылар сарайының үйірме оқушылары небәрі екі күннің ішінде жасап шықты, – деді ол.
Фестивальдің бастамашысы, қыш өнерінің шебері Ақмарал Дәулетәлиқызы бұл жобаны бірнеше жыл бұрын қолға алғанын айтады. Алғашында жергілікті деңгейде өткізуді жоспарлағанымен, бүгінде шараның ауқымы кеңейіп, халықаралық сипатқа ие болған.
– Біз бұл жобаны жастарға бағыттап, ұмыт қалып бара жатқан дәстүрді қайта жаңғырту мақсатында бастадық. Қыш өнері – тек бұйым жасау емес, ол төзімділік пен шыдамдылықты қажет ететін еңбек. Басты мақсат – осы өнерді келер ұрпаққа аманаттау, – дейді шебер.
Биыл фестивальге Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан және Ресей елдерінен келген белгілі ұсталар қатысып жатыр. Олар өз елдерінің дәстүрлі қыш жасау техникасын көрсетіп, жас шеберлермен бірге жұмыс істеуде. Айта кетерлігі, Түркиядан келген әлемге әйгілі құмырашы Ахмет Ташхомжу алты күн бойы ұстаздар мен шәкірттерге арнап арнайы шеберлік сағатын өткізеді. Ол 2013 жылы небәрі екі айдың ішінде 5 тонна балшықтан биіктігі 5,75 метр болатын құмыра жасап, Гиннестің рекордтар кітабына енген. Сондай-ақ, шетелдік қонақтар үшін Түркістан мен Отырар қалаларына экскурсия ұйымдастырылып, олар көне дәуірден келе жатқан қыш жасау тарихымен таныспақ.
– Біздің өңір – ежелден қыш өнерінің отаны. Сол бай мұраны сақтап, жастарға жеткізіп, заманауи әдістермен ұштастыру – басты мақсатымыз, – дейді ұйымдастырушылар.
Қазіргі таңда Оқушылар сарайындағы қыш үйірмесіне тоқсанға жуық оқушы қатысып жүр. Олар аптасына екі рет сабаққа келіп, бір жарым сағат бойы қыш илеп, түрлі бұйымдар жасауды үйренеді. Үйірмеде алты топ жұмыс істейді, әр топта шамамен он бес бала бар.
– Бүгінге дейін 90-ға жуық шәкірт тәрбиелеп шықтым. Олардың оны бүгінде кәсіби ұсталықпен айналысып жүр. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Біздің мақсат – жас буынды еңбексүйгіштікке баулу және өнерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, – дейді Ақмарал Дәулетәлиқызы.
Фестивальдің ерекшелігі – қыш өнерін үйретіп қана қоймай, оны заман талабына сай дамытуында. Ұйымдастырушылардың пікірінше, осындай жобалар ұлттық қолөнерді жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанның мәдени беделін арттыруға мүмкіндік береді. Халықаралық шеберлер кездесуі алты күнге жалғасады. Шара соңында үздік жас шеберлер мен ұсталар марапатталып, барлық қатысушыларға сертификаттар табысталмақ.








