Шымкент: Ассамблея жастары армрестлингтен жарыс өткізді

Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының алаңында 25 қазан – Республика күніне арналған спорттық іс-шара жоғары деңгейде өтті. Бұл мерекелік спорт бәсекесі елдің бірлігін нығайтуға, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды шара саналады.
Жарысқа елімізге кеңінен танымал армрестлинг шеберлері мен халықаралық дәрежедегі спортшылар арнайы шақырылды. Олардың қатарында Арман Рахманқұлов – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, әлемнің қола жүлдегері, Бекзат Есенбай – әлемнің үш дүркін күміс жүлдегері, Азия және Қазақстан чемпионы, Мұхаммад Зайрахмед – екі дүркін Әлем кубогының жеңімпазы, үш мәрте Азия чемпионы, Мажжан Шаймерден – Азия кубогының күміс жүлдегері, ел чемпионы, сондай-ақ Батырхан Рызманов – екі дүркін Қазақстан чемпионы, Азия кубогының жеңімпазы сияқты атақты спортшылар қатысты.
Белгілі спортшылар қатысушыларға жылы лебіздерін білдіріп, жарыстың мәні мен маңыздылығына ерекше тоқталды. Олар спорттық тәрбие мен шыдамдылықтың, табандылық пен әділ бәсекелестіктің жастардың өмірінде алатын орны туралы өз ойларын бөлісті. Сонымен қатар, олар жарыстың төрешілері мен кеңесшілері ретінде әділ және қауіпсіз өтуіне белсенді түрде атсалысып, қатысушыларға кәсіби кеңестерін берді.
Жарыс барысында әртүрлі салмақ дәрежесіндегі ерлер мен қыздар арасынан үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Оларға арнайы медальдар, алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табыс етілді. Бұл іс-шара қатысушыларға тек спорттық шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, достық пен сыйластықты нығайтуға да ықпал етті.
Шара барысында қалалық жастар ұйымдарының, спорт мектептері мен армрестлинг федерациясының өкілдері қатысып, ұйымдастырушылық жұмыстарға қолдау көрсетті. Спорттық доданың әр сәті қызықты әрі тартысты өтті, көрермендер мен қатысушылардың қызығушылығын оятып, барлық қатысушылар үшін есте қаларлық сәттер сыйлады.
Бұл армрестлинг жарысы Республика күніне арналған мерекелік іс-шара ретінде елімізде жастарды спортқа баулудың, патриоттық рухты күшейтудің және қоғамдық бірлікті нығайтудың бірегей үлгісі болып табылады. Шымкент қаласында өткізілген бұл дода жастарға өз қабілеттерін сынауға, тәжірибе жинауға және спорт арқылы достық пен ынтымақты арттыруға зор мүмкіндік берді.








