Ұйғыр этносының тілі мен өнері — рухани бірліктің көрінісі

0
110

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Шымкент қаласында ерекше мәнге ие мерекелік шара – «Ұйғыр тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» өткізілді. Іс-шараны Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығы ұйымдастырып, қала тұрғындары мен қонақтарын ұйғыр халқының бай мәдени мұрасымен тереңірек таныстырды.

Мерекеге Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.а. Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері қатысты. Шараның негізгі мақсаты – ұлттар арасындағы достықты, өзара сыйластықты және Қазақстан халқының рухани бірлігін дәріптеу болды.

Кеш шымылдығы ұйғыр халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдар мен киім үлгілерінің көрмесінен ашылды. Көрме қонақтарға ұйғыр халқының тарихы мен дәстүріне үңілуге мүмкіндік берді. Көрмеден соң мерекелік концерт басталып, сахна төрінде түрлі ұйғыр би ансамбльдері мен жас орындаушылар өнер көрсетті.

Іс-шара барысында сөз алған Заңғарбек Үсіпахметов өз құттықтауында:
«Қазақстан халқы Ассамблеясы — бейбітшілік пен келісімнің символы. Біздің басты байлығымыз – ел ішіндегі татулық пен өзара құрмет. Осындай мәдени шаралар арқылы біз ұлттар достығын нығайтып, ортақ рухани құндылықтарымызды дәріптейміз», — деп атап өтті.
Мерекенің салтанатты ашылуы «Умай» би тобының орындауындағы ұлттық «Кербез сылқым» биімен басталды. Көрермендер назарына ұйғыр мәдениетінің әсем өрнегін айшықтаған ән мен билер ұсынылды. Әсіресе Т.Молдағалиевтің сөзіне, С.Байтерековтің әніне жазылған «Жан досым» әні мен Алматы облысы, Шелек ауданынан арнайы келген «Дастан» тобының әсерлі орындаулары көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш соңында ұйғыр қауымдастығының белсенді мүшелері мен өнер ұжымдарына алғыс хаттар табыс етіліп, қатысушыларға ұлттық тағамдар ұсынылды. Мұндай іс-шаралар — ел бірлігін, этностар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудың айқын көрінісі.
«Ұйғыр этносының тілі мен өнері — рухани бірліктің көрінісі» атты мереке достық пен ынтымақтың символына айналып, Қазақстан халқы Ассамблеясының басты ұстанымы — «Бірлік бар жерде – береке бар» қағидасын тағы бір мәрте айқындады. Бұл шара еліміздегі ұлттар мен ұлыстар арасындағы өзара сыйластық пен түсіністіктің жоғары деңгейде екенін дәлелдеп, түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүрін құрметтеудің маңызын көрсетті.


ПІКІР ЖАЗУ