Республикалық пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары анықталды

0
130

Екі күн бұрын Шымкент қаласында бастау алған республикалық пікірсайыс турнирі бүгін өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды. Бұл дода Республика күні мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылып, «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» ұранымен өтті.
Еліміздің  түкпір-түкпірінен жиналған 120-дан астам команда екі лига бойынша өз білімдері мен шешендік қабілеттерін ортаға салып, өзекті тақырыптар бойынша тартысты ой бөлісті. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға ұмытылмас әсер мен мол тәжірибе сыйлады. Пікір мен ой, шешендік пен дәлел сайысында ең үздіктер анықталып, жеңімпаздар марапатталды.

Байқау барысында қатысушылар еліміздің тарихы мен даму болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, өз ұстанымдарын терең білім мен нақты дәлелдер арқылы қорғады. Турнир жас буынның сыни ойлау қабілетін арттыруға, елжандылық сезімін нығайтуға және пікір алмасу мәдениетін дамытуға зор үлес қосты.
Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұман турнирдің жастар үшін маңыздылығын атап өтті. «Бүгінгі турнир Республика күні мен Егемендік декларациясының 35 жылдығына арналған ерекше іс-шара болды. Бұл жарыс тек пікірсайысшылардың емес, елдің азаматтық белсенді жастарының қоғам игілігі жолындағы еңбегінің көрінісі десек дұрыс болады. Осындай республикалық деңгейдегі турнирлер жастардың сыни ойлауын, шешендік қабілетін және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға үлкен серпін береді», деді ол.

Финалдық кезеңде Алматы қаласы мен Түркістан облысының үздік пікірсайысшылары өзара тартысты ойын көрсеткен. Турнирге қатысқан пікірсайысшы Ақдәулет Сейсенбаев дода барысында қозғалған тақырыптардың өзекті болғанын жеткізді.

Оның сөзінше, турнирде әр өңірдің өз ерекшелігі, өз көзқарасы айқын көрінді. Әсіресе жастардың білім көші-қоны және білім жүйесін дамыту мәселесі ең күрделі тақырыптардың бірі болған. «Біз Шымкент қаласындағы білім мигранттарының әлеуетін арттыру жолдарын талқыладық. Егер жергілікті әкімдік пен жоғары оқу орындары бірігіп, жастарға нақты мүмкіндік ұсынса, қаланың білім орталығы ретіндегі мәртебесі арта түсер еді», деді ол. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі Ағабек Бақтиярұлы турнирдің тек жарыс емес, рухани және интеллектуалды тәжірибе алаңы болғанын айтады.


ПІКІР ЖАЗУ