Шымкентте Суккот мерекесі кең көлемде тойланды

Шымкент – түрлі этностар мен мәдениеттер тату өмір сүретін, бейбітшілік пен келісімнің ордасы саналатын қала. Осында жыл сайын түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері өздерінің салт-дәстүрін дәріптеп, мәдени шаралар арқылы бірлік пен өзара құрметтің үлгісін көрсетіп келеді. Сол дәстүрдің жалғасы ретінде биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай еврей халқының дәстүрлі Суккот мерекесі кең көлемде аталып өтті. Іс-шараны «Шымкент еврей мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Мерекелік жиынның басты мақсаты – ұлттық дәстүрлерді насихаттау, этностар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайту болды.
Мерекеге Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Нүркен Әлімқұлов, қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, сондай-ақ түрлі ұлт өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Қонақтарды жылы жүзбен қарсы алған ұйымдастырушылар Суккот мерекесінің мәні мен шығу тарихы жөнінде кеңінен баяндап, оның діни және мәдени маңыздылығына тоқталды.
Шара шеңберінде раввин мен қауым мүшелері дәстүрлі баталарын оқып, елімізге бейбітшілік пен береке тіледі. Рухани мазмұндағы бұл рәсім қатысушыларға терең әсер қалдырды. Сонымен қатар Суккотқа арналған символдық шатыр безендіріліп, оның астында мерекелік дастархан жайылды. Қонақтар еврей халқының ұлттық тағамдарынан дәм татып, дәстүрлі әндер мен билерді тамашалады. Балалар үшін шағын ойындар мен шығармашылық шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Мереке барысында сөз алған «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы елдегі этносаралық татулық пен рухани келісімнің маңыздылығына тоқталып, Суккот мерекесінің мәні Ассамблеяның ұстанымдарымен үндес екенін атап өтті.
– Қазақстан – түрлі этностар мен мәдениеттердің бейбіт қатар өмір сүріп келе жатқан мекені. Осындай мерекелер халықтар арасындағы достық пен өзара құрметті одан әрі күшейтеді, – деді ол.
Жиналғандар бір-біріне ізгі тілектерін арнап, бейбітшілік пен бірлік тілеп тарқасты. Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Суккот мерекесі – тек еврей халқының қуанышы ғана емес, Шымкент қаласында тұратын барлық этностардың өзара түсіністігі мен достық байланысының жарқын көрінісі болды. Мерекелік шара жоғары деңгейде өтіп, көпұлтты қаламыздың бірлігін тағы да айқындай түсті.








