Жас ұрпақтың рухани және экологиялық санасын қалыптастыруға бағытталған ашық сабақ өтті

0
103

Бүгінгі таңда жас ұрпақты рухани бай, мәдениетті, табиғатты аялауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта, Шымкент қаласындағы Д.И.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде ашық тәрбие сағаты өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – оқушыларды табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға баулу, сонымен қатар жас ұрпақтың бойында рухани құндылықтарды, табиғат пен адам арасындағы үйлесімді байланысты терең сезіне білу қасиеттерін дамыту болды.

Мектеп ауласында өткен шарада ұстаздар мен оқушылар экологиялық тақырыпта өз өнерлерін, шеберліктерін және табиғатқа деген сүйіспеншіліктерін көрсетті.

Мектеп директоры Жанар Саржанованың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» жобасы аясында мектепте көптеген іс-шаралар ұйымдастырылған. Бұл жұмыстар жас ұрпақтың бойында туған жерге сүйіспеншілік пен табиғатты қорғау сезімін арттыруға бағытталған. Оқушыларымыз «Жер-Ана – ортақ үйіміз» қағидатын ұстана отырып, экологиялық жобаларға белсенді қатысуда. Бүгінгі ашық сабақтарда балалар өз ойларымен бөлісіп, көрмелер мен қолөнер бұйымдарын ұсынды. Сондай-ақ мектеп ауласында гүл отырғызу, ағаш егу жұмыстары жүргізілді», – деді мектеп басшысы.

Жанар Нұржанова білім ордасының жетістіктері мен жаңалықтарына да тоқталды. Қазіргі таңда мектепте 2556 оқушы екі ауысымда білім алады, оларға 178 мұғалім дәріс береді. Оқу сапасын арттырумен қатар, қосымша білім беру саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Қызғалдақ» би тобы мен таэквондо үйірмесінің жетістіктері – мектептің мақтанышы. Сонымен қатар оқушылар ғылыми жобалар мен олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болуда.

Іс-шара барысында оқушылар экологиялық тақырыптағы әндер орындап, билер биледі. Тұрмыстық қалдықтардан жасалған қолөнер бұйымдары көрмеге қойылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Акция соңында мектеп ауласында гүл отырғызу және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы бұл игі бастама жас ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың рухани дүниесін байытып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор мүмкіндік берді.

Мұндай іс-шаралар арқылы оқушылар табиғатты аялаудың – рухани тазалық пен адамдық жауапкершіліктің көрінісі екенін терең сезінеді. Мектеп ұжымы жас буынның бойында экологиялық мәдениет пен рухани құндылықтарды ұштастыра отырып, табиғатты қорғауға бағытталған игі істерді алдағы уақытта да жалғастыруды мақсат етеді.


ПІКІР ЖАЗУ