Шымкентте шәкірттер арасында ұлттық ойындардан турнир өтті

Қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрінде ұлттық ойындардың алатын орны ерекше. Олар жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып қана қоймай, ептілікке, бірлікке, табандылық пен әділдікке тәрбиелейді. Осындай игі мақсатты көздеген шаралар арқылы жастардың бойында ұлттық рух пен отансүйгіштік сезімін қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы орайда, Шымкент қаласында шәкірттер арасында ұлттық ойындардан турнир ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2025 жылға арналған бағдарлық баяндамасына орай және «Дін мен дәстүр» бағыты аясында өткізілді. Сонымен қатар турнир Республика күніне, ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойына және «Ислам және отбасы құндылығы жылы» шеңберінде жүзеге асты.
Аталмыш іс-шараға Әл-Фараби ауданының ұйымдастыруымен қала мешіттері мен діни оқу орындарының шәкірттері қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатына Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, спорт пен дәстүр сабақтастығының жастар тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталды.
Жарыс орта қашықтыққа жүгіру (3 шақырым), асық ату, ләңгі тебу, брусьяда жаттығу жасау, арқан тартыс (ұжымдық ойын), қапшықпен жүгіру (ұжымдық ойын) мен турникке (кермеге) тартылу тәрізді бірнеше ұлттық және спорттық ойын түрлері бойынша өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың салауатты өмір салтын ұстануына, ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеуіне зор ықпал етеді.
Ұлттық ойындар сайысына барлығы алты команда атап айтқанда, қатысты. Шымкент медресе-колледжі, Ықылас қарилар орталығы, Нұр-Мүбәрак университетіне дайындық курсы, сондай-ақ «Гаухар ана», «Тура жол» және «Әл-Біләл» мешіттеріндегі діни сауат ашу курстарының шәкірттері қатысты.
Командалар әр ойын түрі бойынша өзара жарысып, ептілік, төзімділік пен командалық ынтымақтастық қасиеттерін сынады. Әр қатысушы өз командасының намысын қорғап қана қоймай, ұлттық ойындар дәстүрін насихаттау арқылы рухани тәрбиелік тәжірибе жинады.
Жарыстың төрешілері ретінде дінтанушы Мұхтар Абсаматов пен қалалық спорт секторының өкілі Ербол Қалшабек қызмет атқарды. Олар ойынның әділ әрі тартысты өтуін қадағалап отырды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған турнир соңында жеңімпаз командаларға арнайы дипломдар мен кәдесыйлар табысталды.








