Шымкентте кезекті баспасөз мәслихатында бірқатар келелі мәселелер көтерілді

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары әрі әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек кезекті баспасөз мәслихатын өткізді. Басқосу барысында қалада орын алған маңызды оқиғалар, әлеуметтік желілерде қозғалған мәселелер мен эпидемиологиялық жағдай кеңінен көтерілді.
Брифинг басында Сәрсен Абайұлы жиналғандарды 25 қазан – Республика күнімен құттықтап, бұл тарихи датаның маңызын атап өтті. «1990 жылы дәл осы күні еліміздің Тәуелсіздігі туралы Декларация қабылданды. Биыл бұл маңызды құжатқа 35 жыл толып отыр», – деді ол.
Спикердің сөзіне сүйенсек, Республика күніне орай 24 қазан күні сағат 16:00-де «Қызғалдақ» сарайында салтанатты жиын өтеді. Іс-шара барысында қаланың әлеуметтік және экономикалық өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталып, көрермендерге арнайы мерекелік концерт ұсынылады. Ал 25 қазанда сағат 11:00-де Шымсити саябағында және қаланың басқа да аумақтарында Мемлекеттік Ту салтанатты түрде көтеріледі. Кешкі уақытта, сағат 19:00-де Астана алаңында Республика күніне арналған гала-концерт ұйымдастырылады. Концертке еліміздің танымал және жергілікті эстрада жұлдыздары қатысып, мереке соңы әсем отшашуға ұласады.
Сондай-ақ Сәрсен Құранбек таяуда елордадағы «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде шымкенттік спортшы Марат Байқұмаровтың жеңіске жетіп, еліміздің бас балуаны атанғанын айрықша атады.
Бұдан алдын қалада инфекциялық аурулардың көбеюі мен ауруханадағы орын жетіспеушілігі қоғамда қызу талқыға түскен еді. Бұл жағдай бойынша ресми өкіл түсініктеме берді. Жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын болғанымен, науқастар саны күрт көбейіп, дайын төсек-орын жеткіліксіз болған. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылды. Аурухана басшысы Бақтығали Аюбайұлына қатаң сөгіс берілді. Сонымен қатар, қабылдау процесіне жаңа алгоритм енгізілді.
Бұдан бөлек, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Мелесқызы қозғалған тақырыпқа қатысты баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы екі аптада жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау жағдайлары күрт көбейіп, 3 500-ден астам адам тіркелген. Қалада 150 мың доза вакцина сатып алынған, соның 64%-ы егілген. Маман тұрғындарды гигиенаны сақтау, көпшілік орындарда абай болу және өздігінен емделмеуге шақырды.
Шымкент медицинасы өңірлер арасында алдыңғы қатарда. Соңғы жылдары қалада 2 жүрек, 32 бауыр, 240 бүйрек трансплантациясы сәтті жасалған. Күрделі нейрохирургиялық операциялар мен клиникалық өлімнен кейінгі реанимация жағдайлары да тіркелген. Қалада тіпті көрші елден де науқастар келіп емделуде.
Баспасөз мәслихаты барысында қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы ерекше балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығына қатысты мәселелер шешімін тапқанын тілге тиек етті. Бүгінде бұл мекеме лицензиялау талаптарына сай Білім басқармасының теңгеріміне өткізіліп отыр. Енді қызметкерлерге бұрынғы 35% үстемақы қайта төленетін болады. Қазіргі таңда 147 бала тіркелген, 90-ға жуығы тұрақты қатынайды. Қызмет аясы да кеңейтілген.
Қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік сала мамандарының кәсіби мерекесі атап өтіледі. Шымкентте бұл салада 1 913 маман жұмыс істейді. Қалада 13 арнаулы әлеуметтік орталық, санаторий, отбасын қолдау орталығы және аудандық Мансап орталықтары бар. 29 қазан мен 5 қараша аралығында әлеуметтік кәсіпкерлер 5 миллион теңгелік қайтарымсыз грантқа өтінім бере алады.
Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, қала аумағында қысқы мезгілге дайындық толық аяқталған. Бес аудан мен Жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан көшені тазалауға 200 техника мен 2 000-ға жуық жұмысшы жұмылдырылмақ.
Бұдан соң Еңбекші ауданы, Алдияров көшесіндегі №73 үй маңындағы жылу жүйесінің жай-күйі жайлы баяндаллы. Еңбекші ауданы әкімдігінің мәліметінше, жергілікті аумақтағы жылу жүйесіне жауапты «Нұр-Арыстан» ЖШС-не тиесілі желілерге «Строй Сити» компаниясы орынсыз киліккен. Сондықтан қазіргі уақытта қос комания арасында сотқа дейінгі процесс жүріп жатыр. Жылу құбырларын рұқсатсыз кескен құрылыс компаниясы кінәлі деп танылса, барлық қалпына келтіру жұмыстары соның мойнына жүктеледі. Сонымен қатар, үй астынан су шығу тіркелген Қайнарбұлақ тұрғын алабында да тексерулер жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, өткен аптада қала аумағында жалпы 177 қылмыстық іс тіркелсе, оның 63-і – алаяқтық, 44 – ұрлық, 11-і – есірткі айналымына, 9-ы – жол-көлік оқиғаларына қатысты. Интернет арқылы жасалған алаяқтық фактілері де көбейіп отыр. Мәселен, тұрғындардың бірі өзін «электр желісі қызметкері» деп таныстырған тұлғаға 110 мың теңге коммуналдық төлем ретінде аударып жіберген. Сондықтан Сәрсен Абайұлы тұрғындарға күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуді шегелеп айтты.








