Ұрпағымыздың ұйқысын энергетикалық сусындар ұрлауда

0
120

Әрбір тіршілік иесінің өмірінде ұйқының пайдасы ұшан-теңіз мол екені баршаға белгілі. Бұл адам бойына күш-қуат, жігер беріп, шаршағанды басады. Сондай-ақ, жүйке жүйесін тынықтыруда да айрықша маңызды орын алады. Бірақ, біз кейде қарбаласқа толы өмірде ұйқының, әсіресе дұрыс ұйқы режимінің маңыздылығын жиі естен шығарып аламыз. Соның ішінде, жастардың арасында ұйқының табиғи ырғағына кері әсер ететін бір тенденция кең таралуда. Атап айтсақ, бүгінгі жас буынның «Gorilla», «Red Bull» сияқты энергетиктерді шамадан тыс қолдануы.

Бұл сусындардың құрамында кофеин мен таурин сияқты стимуляторлар көп болғандықтан, олар аденозиннің әсерін тежеп, миды жасанды түрде сергек күйде ұстайды. Нәтижесінде адам өзін уақытша белсенді сезінгенімен, дене мен ми ұйықтау қажеттілігін шынайы түрде сезінбей қалады.
Қоғамда «аз ұйықтау – еңбекқорлықтың белгісі» деген теріс ұстанымдар да жиі кездеседі. Осы тұста нейробиолог Мэттью Уокердің «Why We Sleep» атты еңбегі бұл көзқарасты түбегейлі теріске шығарады. Ғалымның айтуынша, ұйқы – біздің ми мен дененің қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, өмірді ұзартатын, денсаулықты сақтайтын табиғи ем.

Ал энергетикалық сусындар ұйқының сапасын ғана емес, оның құрылымын да бұзады. Терең (NREM) және армандау (REM) фазалары қысқарады, ал бұл есте сақтау мен эмоциялық күйге тікелей әсер етеді. Кешкі уақытта энергетикалық сусын ішкен жастардың ұйқы қалпы бұзылады, түнімен әлеуметтік желілерді ақтаруымен болады, сәйкесінше таңертең өзін әлсіз сезінеді. Мұндай режим көпке созылса, ол созылмалы ұйқы тапшылығына, көңіл-күйдің тұрақсыздығына және жүрек-қантамыр жүйесінің бұзылуына әкеледі.

Қазір қоғамда жастардың басым бөлігі түнде ұйықтамай, «жұмыстарымды аяқтаймын немесе үлгермеген тапсырмаларды жасаймын, энергетикті қазір ішіп, қалған ұйқының орнын кейін толтырамын» деп ойлайды. Алайда Уокердің зерттеулері бойынша бұл мүмкін емес. Бірнеше түндік ұйқы тапшылығының өзі мидың жұмысын баяулатып, есте сақтау мен назар ұстау қабілетін бірнеше есе төмендетеді. Сондықтан ұйқы мәдениетін қалыптастыруда келесі әдеттердің маңызды екенін айтады: күн сайын бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұру және кофеин мен энергетикалық сусындарды, әсіресе кешке қарай шектеу, ұйықтар алдында экран жарығынан аулақ болу.

Ұйқы – біздің денсаулығымыздың, есте сақтау қабілетіміздің, жақсы көңіл-күйіміздің және өмір сүру ұзақтығымыздың іргетасы екенін естен шығармағанымыз жөн.

Болатбек Күннұр

 


ПІКІР ЖАЗУ