Шымкенттік спортшылар Қытайда өткен жарыста жүлделі орындарды олжалады

0
153

Қытайдың Шаогуань қаласында каратэден жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жеңіске жеткен спортшыларды күтіп алу рәсімі өтті. Аталған халықаралық додада Қазақстан құрамасының жас спортшылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындарды жеңіп алды. Жарыс барысында олар Азияның әр елінен келген мықты қарсыластармен сынға түсіп, тактикалық шеберлік, күш-жігер және техникалық дайындық жағынан еш кем түспейтінін дәлелдеді.

Іс-шараға Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Ермек Дәрменов, спорт мектебі басшылары мен жаттықтырушылар, спортшылардың ата-аналары қатысты. Олар жас чемпиондарды гүл шоқтарымен, ыстық ықыласпен қарсы алып, жеңістерімен құттықтады.

Мерейлі шара барысында каратэшілердің бапкерлері мен жаттықтырушылары бұл жеңістің артында ұзақ уақыттық дайындық пен қажырлы еңбектің жатқанын атап өтті. Жеңімпаз спортшылардың өздері де бұл табысты Қазақстанның абыройын арттыру жолындағы алғашқы қадам деп бағалап, болашақта әлемдік ареналарда да ел намысын лайықты қорғауға уәде берді.

3-9 қыркүйек күндері өткен бәсекеде шымкенттік спортшылар жарқын жеңіске жетті. Жасөспірімдер арасында Балнұр Құрбанәлі 61 келі салмақта І орынды жеңіп алса, 54 келіде Айша Ұнталап ІІІ орынға табан тіреді. Жастар арасында 61 келіде Айжан Бәкірова ІІ орын, 68 келіде Лаура Сағынбек ІІІ орынға ие болды. Ермек Аманжолұлы жасөспірім спортшыларды жеңісімен құттықтап, алдағы жауапты бәсекелерде де жоғары орындардан көрінуіне сенім білдірді. Ол жас спортшылардың әлеуеті жоғары екенін айтып, олардың болашағынан зор үміт күтетінін жеткізді.Бұл жеңістер – еліміздің спорт саласындағы беделін арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың бойындағы ұлттық рухын көтеріп,  оларға ерекше серпін сыйлайтыны сөзсіз.

Каратэден Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қажымұқан Шаттық жас спортшылардың жарқын жеңісін жоғары бағалап, бұл олардың мүмкіндігінің тек бастауы екенін айтты. Ол жас каратэшілердің бұл нәтижемен шектеліп қалмай, болашақта одан да биік белестерді бағындыру үшін тынымсыз еңбек пен жүйелі дайындықты жалғастыратынын жеткізді.

Шымкент қаласында каратэден қалыптасқан жеңісті дәстүр бар. Бұд өңірден шыққан талантты спортшылар Дархан Асаділов пен Софья Берульцева Олимпиада ойындары және әлем чемпионаттарында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Азия ойындары мен құрлық чемпионаттарының жеңімпаздары да жетерлік.

Мінекей, олардың ізін жалғайтын жасөспірімдер де оң нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл спортшылардың жетістігі Шымкенттегі каратэ спорт мектебінің жоғары деңгейде жұмыс істеп келе жатқанын көрсетеді.


ПІКІР ЖАЗУ