Шымкентте шекарашылардың 33 жылдығы атап өтілді

ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай, ҚР ҰҚК «Шекара қызметінің 33 жылдығына» арналған мерекелік салтанатты іс-шара өтті. 18 тамыз — ел тыныштығы үшін күні-түні күзетте тұрған шекарашылар күні. Шымсити саябағындағы сахналық алаңда ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаментінің шекарашылары мерекені ерекше атап өтті.
Шараның басты мақсаты – шекара қызметінің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін кеңінен насихаттау, әскери қызметшілердің ерлік пен батырлыққа толы қызметін жұртшылыққа таныстыру, патриоттық рухты көтеру, сондай-ақ жас ұрпақты Отанды сүюге және мемлекеттік шекараны қастерлеуге тәрбиелеу болып саналады.
Іс-шарада ұлттық әскери-патриоттық әндер шырқалып, көрермендерге жігер мен рух сыйлады. Сонымен қатар, абыройлы қызмет атқарып жүрген шекарашылар мен сала ардагерлері өз міндеттерін адал атқарғаны үшін алғыс хаттармен, медальдармен және түрлі марапаттармен марапатталды. Бұл – олардың ел алдындағы еңбегін бағалау ғана емес, жас ұрпаққа үлгі болатын өнегелі іс. Шара қорытындысында қатысушыларға патриоттық рух пен елге қызмет етудің маңыздылығы туралы үндеу жолданды.
Жиын барысында шекара қызметінің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңыздылығы, олардың күнделікті атқарып отырған жауапты қызметі туралы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, қазақ тарихындағы батыр қолбасшылардың ерліктері, олардың шекараны қорғаудағы тарихи рөлі мен ұрпаққа қалдырған өшпес өнегесі туралы деректер келтіріліп, қатысушылар назарына ұсынылды. Бұл — жастардың бойында отансүйгіштік сезімді нығайтуға, тарихи сана мен ұлттық рухты күшейтуге бағытталған тағылымды әңгімелерге ұласты.
ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшылығы шекарашыларды мерекемен құттықтап, бірқатар әскери қызметшілерге Грамоталарды табыс етті.
1992 жылдың тамызында ҚР Президентінің Жарлығымен Шекара әскері құрылды. Содан бері олар елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін сақтауда абыройлы қызмет атқарып келеді. ҚР мемлекетінің шекарасын күзету әр адамның, әр азаматтың міндеті. Өйткені бірінші мемлекет шекарадан басталады.
Айта кетсек, бүгін Абай саябағында шекарашылар қарулас достарын еске алды. Бұл – өткенге тағзым, ерлікке құрмет көрсету арқылы бүгінгі ұрпақтың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілікті, жауапкершілік пен патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған өнегелі іс-шара болды.









