Абай мұрасы – жас ұрпаққа рухани қазына

Ұлы қазақ ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының мұрасы – баға жетпес қазына. Оның қара сөздері мен өлеңдері – адамзат ақыл-ойының, адамгершілік пен даналықтың ең биік көрінісі. Сондықтан жас ұрпаққа рухани құндылықтарды Абайдың бай мұрасы – таңдамалы шығармалары арқылы жеткізу аса маңызды.

Орталық саябақта қазақ әдебиетінің ұлы өкілі, ағартушы, ойшыл әрі композитор Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай мұрасы – халық даналығы» атты әдеби композиция ұйымдастырылды. Бұл мерекелік іс-шара еліміздің барлық өңірлерінде бір мезгілде өтті.
Шымкентте өткен әдеби кешке Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова қатысты. Ол жиналғандарды Абай Құнанбайұлының 180 жылдығымен құттықтап, ақын шығармашылығы ұлттық руханиятта ерекше орын алатынын атап өтті.

Іс-шара барысында «Яссы» би ансамблі, «Шымкент концерт» концерттік ұйымы өнер көрсетті. Олар Абайдың әндері мен өлеңдерінен үзінділер орындап, ақын жүрегіндегі отаншылдық пен азаматтық үнді жеткізді.
Сонымен қатар, А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасының кітапханашылары, орталықтандырылған балалар кітапханасы жүйесінің оқырмандары, «Үміт» көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатының 10-сынып оқушылары ақын шығармаларынан өлеңдер оқыды. Ал «Абай әлемі» байқауының I кезеңінің жеңімпаздары ақын шығармашылығына арналған әдеби көріністер қойды.
Белгілі айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов Абайға арналған өлеңін оқыды.
Іс-шара аясында қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдеріне Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты мазмұнды ақпарат ұсынылған көрме ұйымдастырылды.
Бұл әдеби кештің басты мақсаты – Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың ұлттық өзіндік санасы мен рухани құндылықтарын қалыптастыру, ұлы ақын шығармашылығын дәріптеу.
Іс-шараға зиялы қауым, БАҚ өкілдері мен қала тұрғындары қатысып, Абай мұрасының рухани құндылығын тағы да айқындай түсті.








