Қоғам қайраткерінің ұлтқа жасаған қызметі — ұрпаққа үлгі

Қазақ халқының тағылымды тарихында ұлттық құндылықтарды, мәдениетті, білім мен ғылымды дамытуда өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғалар баршылық. Олардың сүбелі еңбегі мен бүгіні жас ұрпаққа үлгі болып қала берері сөзсіз. Біз ұлы тұлғалардың жүріп өткен өнегелі өмірі мен жасаған игі істері арқылы өзімізге қажетті құндылықтарға қол жеткізіп, солардың жолын жалғастыра аламыз. Қазақтың ұлы тұлғаларының өмірі, жасаған ерліктері мен еңбектері қазіргі және болашақ ұрпаққа баға жетпес үлгі. Сондықтан біз олардың игі істерін, өнегелі жолдарын бойымызға сіңіріп, өмірімізде қолдану арқылы өзімізді жеке тұлға ретінде дамытып, қалыптастырамыз. Еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қоса аламыз.
Мемлекетіміздің дамуына сүбелі еңбек сіңірген, халқымыздың ынтымақ-бірлігін сақтап, рухын көтерген осындай тұғырлы тұлғаларымыздың бірі — Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев болатын. 22 тамыз – ұлтқа қызмет жасаған, игі істері ұрпаққа үлгі болған, мемлекет және қоғам қайраткерінің дүниеден озған күні. Алайда уақыт алға озған сайын халықтың жүрегіндегі сағыныш пен құрмет азайған жоқ, қайта нығая түсуде.
Бүгін Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері Д.Қонаев пен Тәуке хан даңғылдарының қиылысында орнатылған ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым етті. Жиынға Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев, Бекет Тұрғараев және қала тұрғындары қатысты.
Рухани басқосуда сөз алғандар Дінмұхамед Ахметұлының ел дамуына қосқан үлесін, ел басқарудағы парасат-пайымын, қарапайымдылығы мен зиялылығын айрықша атап өтті. Олар ұлы қайраткердің өмір жолын жастарға кеңінен насихаттау – бүгінгі буынның басты міндеті екенін жеткізді.
Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаев Қазақстанды ширек ғасыр бойы басқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Деректерге сүйенсек, Қонаев басшылық еткен жылдары республиканың өндірістік әлеуеті 700 пайыздан астам өсті. Өнеркәсіп көлемі 9 есеге, ауыл шаруашылығы 6 есеге, ал күрделі құрылыс 8 есеге артты. Бұл көрсеткіштер оның елдің дамуына жасаған еңбегінің айқын дәлелі.
Халық сүйіспеншілігіне бөленген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – өз халқының жадында елдік мүддені биік қойған, адалдығы мен іскерлігі үшін құрметтелген бірегей тұлға. Сондықтан да оны ұлықтау, жас ұрпаққа үлгі ету – келешекке аманат.








