Шымкентте Ассамблея жастары жалпыұлттық бірліктің жарқын үлгісін байқатты

Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының «Біз біргеміз» достық лагері ұйымдастырылды. Екі күнге жоспарланған іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің белсенділері қатысты.
Шымкент қалалық ҚХА мен «Ассамблея жастары» ұйымының ұйытқы болуымен «Красные скалы» демалыс аймағында өткен лагерьдің мақсаты – жастар арасында жалпыұлттық бірлік құндылықтарын дәріптеу, патриоттық рухты күшейту және Мемлекет басшысының нашақорлық, ойынқұмарлық, зорлық-зомбылық, ысырапшылдық сынды әлеуметтік кеселдерден арылу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру.
Жиналған жастарға Team Coaching, Career Coaching, Relationship Coaching, құқықтық сауаттылық және Life Coaching бағыттарында тәжірибелі мамандар семинар сабақтарын өткізді. Спикерлер қатарында «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, «AMANAT» партиясы ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаменті директорының орынбасары, жастар жанашыры Жандос Қалтаев, Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Нариман Базарбаев, пікірсайысшы, жаттықтырушы Алмас Толықбаев, кәсіби профориентатор Сейдулла Исмаил болды.
Лагерь бағдарламасы жастардың белсенділігі, достығы мен ынтымағын арттыруға бағытталды. Қатысушыларға спорттық ойындар, бампербол сайыстары, өнер байқаулары және топтық жұмыс форматындағы түрлі шаралар ұйымдастырылды.
Бұл жастардың бір-бірімен жақын араласуына, достықты нығайтуына және шығармашылық қабілеттерін шыңдауына мүмкіндік берді.
Оқу-ағарту әрі жалпыұлтық бірлік төңірегіне топтасуды межелеген жастар Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, жауынгерлік самбодан үш дүркін әлем чемпионы, Бразилиялық джиу-джитсудан Азия чемпионы Арман Оспановпен кездесті. Спорт шебері оларға салауатты өмір салтының маңызын түсіндіріп, тәжірибесімен бөлісті.
Лагерь аясында жастар от жағып, еркін ортада түрлі өлеңдер оқыды. Әсерлі лагерь кеші әрмен қарай ашық аспан астындағы кинокөрсетіліммен жалғасын тапты.
Айта кетейік, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің негізгі міндеті — Қазақстан халқының қоғамдық келісімі мен жалпыұлттық бірлігі негізінде жастарды дамыту және топтастыру, жастар бастамаларын қолдау, қоғамдық келісімді қалыптастыруға жәрдемдесу және этнос, этномәдени бірлестіктердің жастарын мемлекеттік тілді меңгеруге, патриоттық бағыттағы қоғамдық-саяси бағыттағы шараларды, этносаралық және мәдениетаралық диалогтарға тарту, волентерлік пен қайырымдылық қызметті дамытуға қолдау көрсетуді көздейді.









