Кітап көрмесі оқушылардың рухани көкжиегін кеңейтті

Міне, қазір жаз маусымының соңғы айында оқушылар кезекті демалыста. Осы ретте, Шымкент қаласындағы Әл Фараби кітапханасының қызметкерлері оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында табиғат аясында кітап көрмесін ұйымдастырды.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – балаларға кітапты тек мектепте, кітапханада немесе үйде ғана емес, табиғат аясында да оқу мүмкіндігі бар екенін көзбен көрсетіп, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар, ашық аспан астында өткен бұл шара балалардың шығармашылық ойлауын дамытуға, табиғатты аялауға, таза ауада тиімді уақыт өткізу мәдениетін қалыптастыруға және кітап оқу арқылы рухани дүниесін байытуға бағытталды. Мұндай бастамалар оқушылардың кітаппен қарым-қатынасын нығайтып қана қоймай, олардың таным көкжиегін кеңейтуге де ықпал етеді. Осылайша, олардың бойындағы кітап оқуға деген құштарлығын оята отырып, ой-өрісін кеңейтуге, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны бойына сіңіруге жол ашатын рухани орта қалыптастыру. Себебі, балалар кітапты ашық аспан астында, доп ойнап, сусын ішіп, еркін отырып оқыса, көңілдері сергіп, рухани- таным көкжиектері кеңейе түседі.
Керемет табиғат аясындағы кітап көрмесінде балалар назарына музыка, би, сәулет, қолөнер, кино, театр тәрізді ұлтымыздың рухани-мәдени болмысын байқататын кітаптар, альбомдар ұсынылды. Нәтижесінде балалар Қазақстан өнерінің мәні мен рөлі туралы, сондай-ақ халқымыздың әлем таныған өнер жұлдыздары Ш.Айманов, А.Әшімов, Е.Серкебаев, Б.Төлегенова, Ә.Өмірзақова, Р.Бағлановалардың т.б. өмірі мен шығармашылығы жайлы қызықты мол мағлұмат алды.
Сонымен қатар балалар көрмеге қойылған қолөнерге, суреттерге қызығушылықтарын білдірді.
Осылайша, оқушылар жазғы демалыста тек таза ауада тыныстап, ойын қызығына батып қана қоймай, жаңа білім көзін ашып та үлгерді.
Бұл кітап көрмесі кішкентай оқырмандардың өмірінде өзінің тәрбиелік және рухани рөлін тағы бір мәрте дәлелдеген мазмұнды кеш ретінде маңызды орын алды. Көрме барысында балалар әдебиетіне деген қызығушылық артып, оқуға деген құлшыныс оянды. Сондай-ақ жасөспірімдерге кітаптың білім мен тәрбие көзі ретіндегі маңыздылығы түсіндіріліп, шығармашылық ойлау, тіл байлығын дамыту сынды дағдыларды қалыптастыруға бағытталған түрлі танымдық ойындар мен сұхбаттар ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар жас буынның рухани дүниесін байытып, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды сіңіруге сеп болады.








