Шымкентте жас ұрпаққа рухани серпін беретін іс-шара ұйымдастырылды

2025 жылдың 22 тамыз күні Шымкент қаласы Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, философы, композиторы, қазақ жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін қалаушы, Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған республикалық деңгейдегі ашық алаң форматындағы маңызды іс-шара өтті. Аталған шара қала жастарының рухани-мәдени тәрбиесін арттыруға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және тұлғалық дамуға бағытталған мазмұнды басқосу ретінде ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – Абай мұрасы арқылы өскелең ұрпақ арасында ұлттық рухани құндылықтарды кеңінен дәріптеу, оқушылардың мектеп ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыру және туған ел мен жер тарихына деген қызығушылығын ояту. Сонымен қатар, жастар арасында радикалды діни ағымдардың ықпалынан қорғану, діни сауаттылықты арттыру арқылы саналы иммунитет қалыптастыру да басты назарда болды.
Іс-шараға тарихшы, әлеуметтанушы, дінтанушы, теолог, психолог мамандары, сондай-ақ қаламыздың белсенді жастары – мектеп президенттері мен өзін-өзі басқару кеңесінің мүшелері қатысты. Олар Абайдың философиялық ой-толғамдары мен рухани мұрасының қазіргі қоғамда алатын орны, әсіресе жастардың сана-сезімін тәрбиелеудегі маңызы туралы мазмұнды ойларымен бөлісті.
Аталған шараға Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №136 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары белсенді қатысты. Олар Абайдың рухани мұрасы, отбасы құндылығы, ұлттық тәрбие мен қазіргі заман жастарының рухани ізденісі төңірегінде еркін пікірталас жүргізді.
Бұл іс-шара жас буынның рухани дамуына серпін беріп, олардың ой-санасын, дүниетанымын байытуға зор үлес қосты. Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының даналыққа толы мұрасын кеңінен насихаттап, жастар арасында ұлттық болмысты сақтаудың маңызын терең ұғынуға мүмкіндік берді. Мұндай игі бастамалар – жас ұрпақты тәрбиелеуде, ел ертеңі болар азаматтарды қалыптастыруда ерекше орын алатын маңызды қадамдардың бірі.
Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани жаңғыруына жол ашқан дара тұлға. Ол өз заманының көкейкесті мәселелерін терең түсініп, халқына білім мен ғылымды насихаттады. Ақынның шығармалары – ұлт болмысын терең танытатын, адамзаттық құндылықтарды арқау еткен мол мұра. Оның өлеңдері мен қара сөздері бүгінгі күні де өзектілігін жоймай, әрбір ұрпақтың сана-сезімін тәрбиелеуге ықпал етіп келеді.








