Кітап оқу сағаты балаларды рухани дамытуға көмектеседі

Бүгінгі таңда жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі екені белгілі. Осы ретте, оқушылардың бойындағы кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыруда еліміздегі мектеп кітапханаларының алатын орны орасан. Бұл рухани орындар олардың білім көкжиегін жан-жақты кеңейтумен қатар, патриоттық рухта тәрбиеленуіне, саяси санасын қалыптастырып, ғылыми, кәсіби, мәдени деңгейін дамытуға атсалысады. Сондықтан болашақта балаларға қызмет көрсететін мектеп кітапханаларының еңсесін көтеру, дәстүрімізді сақтай отырып, өскелең ұрпақтың білімін, рухани байлығын арттыру, тиімді ақпаратпен қамтамасыз етуге күш салуымыз керек.
Жаз маусымы балалардың бірмезгіл сабақтан, күнделікті тіршілік қарекетінен қолдары босап, өздері қызыққан істерімен айналысуына мүмкіндік жасайды. Сол себепті ұстаз-тәрбиешілердің оқушыларды бос уақытын дұрыс пайдалануға бағыттауы, үйретуі маңызды. Бос уақыт дене және ақыл-ой қызметін тынықтыратын, қарым-қуатты жетілдіретін қадамдарға арналғаны абзал. Анығын айтқанда, демала жүріп, ойын барысында балалардың шынығу-шындалу мәселесімен бірге алуан бағыттағы іс-шараларға араластыру арқылы тәрбиелеу тиімді.
Осы орайда, Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында кітаптың маңыздылығын және оқушыларға кітап оқудың қажеттілігін дәріптеу мақсатында «Кітап патшалығы шақырады» тақырыбында тұрақты оқырмандармен кітап оқу сағаты ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, балаларға қазақ, орыс және шетел балалар жазушыларының шығармалары мен ертегілер топтастырылған кітап көрмесі ұсынылды. Олар жазғы демалыста оқыған кітаптарын, ондағы кейіпкерлер жайлы өз ойларымен бөлісті. Кітап жайлы викториналық әдеби ойындарға белсене араласып, алғырлықтарын танытты.
Жазғы демалыс – мектеп оқушыларын жалпы физиологиялық, дүниетанымдық тұрғыда дамытып, жетілдіретін кезең. Бұл бастауыш және орта буын сынып оқушылары үшін – табиғат пен тұрпаттың ерекше үйлесім тауып, дүниетаным аясы артып, көзқарасы кеңейіп, үйренуге ықыласы артатын жылдың тамаша мезгілі.
Оқушылар жазғы демалыста кітап оқу арқылы өздерін рухани жағынан байытары анық. Осылайша, оларды оқулықты құрметтей білуге, кітапты ұқыпты ұстауға, білімділік танымын өмірмен байланыстыра отырып арттыруға, кітапқа деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын арттыруға, кітаппен достастыруға, сондай-ақ, жақсылыққа үндейтін шығармалар оқуға баулу баланың жан жүрегінен орын алып, адамдық қасиеттің артуына айтарлықтай үлес қосады.








