Тілді оқытудағы тиімді тәсілдер талқыланды

Бүгінде елімізде мемлекеттік тілді ұлттық бірлікті нығайтудың басым бағыты ретінде, азаматтардың рухани-мәдени және тілдік қажеттіліктерін толыққанды қанағаттандыруға байланысты маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Бұл ретте, мемлекет алдымен білім саласында мемлекеттік тілді сапалы оқытуға күш салуда.
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты жалпы орта білім беретін мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні педагогтеріне арналған курсаралық және курстан кейінгі қолдау аясында «Тілді оқытудағы шығармашылық әдістер: пәндік және кәсіби құзыреттілік» тақырыбында шебер-сынып өткізілді. Іс-шараны модератор ретінде «Жаратылыстану-математикалық бағыттағы» кафедрасының аға оқытушысы Жангабулова Анар Асилхановна жүргізді.
Шебер-сыныптың негізгі мақсаты – тілді оқыту үдерісінде шығармашылық әдістерді қолдану арқылы мұғалімдердің пәндік және кәсіби құзыреттіліктерін арттыру, оқушылардың тілдік дағдыларын дамытудың тиімді жолдарын көрсетуге көзделді. Іс-шара аясында шығармашылық әдістердің түрлері мен ерекшеліктерін таныстыру, сабақта қолданатын инновациялық тапсырмалар мен жаттығулар үлгілерін ұсыну, пәндік құзыреттілікті дамытуға бағытталған әдіс-тәсілдерді тәжірибеде көрсету, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру үшін топтық, жұптық және жеке жұмыс формаларын тиімді пайдалану жолдарын үйрету. оқушылардың тілдік қорын байытуға және коммуникативтік қабілеттерін арттыруға бағытталған шығармашылық тапсырмаларды қолдану әдістемесін талқылау міндеттері алға қойылды.
Шебер-сынып барысында қатысушылар теориялық және практикалық бөлімдерге белсенді қатысып, мотивацияны арттырудың заманауи әдістерімен танысты. Атап айтқанда, оқушылардың ішкі (қызығушылық, өз бетінше даму ниеті, жетістікке жетуге ұмтылыс) және сыртқы (бағалау, марапат, әлеуметтік қолдау) мотивация көздеріне тоқталып, әрқайсысының оқу үдерісіне ықпал ету деңгейі талқыланды. Мұғалімдер арасында кәсіби байланыс орнап, өзара тәжірибе алмасу арқылы әдістемелік қолдау тетіктері қалыптасты. Сонымен қатар, тіл үйретуде заманауи құралдарды тиімді пайдалану дағдылары жетілдірілді. Қатысушылар оқу процесін жеке тұлғаға бағыттау, дифференциациялау, шығармашылыққа жетелеу сияқты өзекті тәсілдермен танысып, оларды өз тәжірибесінде қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
Шебер-сынып қорытындысында қатысушылар оқушы мотивациясын арттыруға бағытталған әдіс-тәсілдердің тиімділігін жоғары бағалап, ұсынылған тәжірибелердің практикалық мәні зор екенін атап өтті. Сондай-ақ қатысушылардың да кәсіби дамуына оң әсерін тигізетінін айтты.
Қорытындылай келе, бұл шебер-сынып тілді оқытудағы шығармашылық әдістер: пәндік және кәсіби құзыреттілік жолдарын жетілдіруге, оқыту үдерісін оқушы тұлғасына бейімдеуге және заманауи білім беру талаптарына сай жұмыс жүргізуге нақты үлес қосты.








