Тұрғындар арасында қоғамдық келісімді күшейту жұмыстары түсіндірілді

Қазіргі таңда өзге этнос өкілдері көптеп топтастырылған аудан тұрғындары арасында қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты сақтау – ең өзекті мәселелердің бірі. Қоғамдық келісім – бұл әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың және халықтың бірлігін нығайтудың бірден-бір жолы. Біз ынтымағы мен татулығы жарасқан берекелі елде өмір сүріп отырмыз. Біздің қоғам қашанда татулық пен бірлік дегенде жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілігін сақтап, татулықта өмір сүріп келеді.
Осы ретте, мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт — Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны айрықша. Ассамблея барлық этностарды бірлікке бастап, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыруда нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылымның тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуінің нәтижесінде қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйысып отыр. Аталмыш құрылымның қызметі әсіресе, өңірдегі азаматтардың ауызбіршілігін арттыру және этносаралық шиеленістің алдын алу бойынша жұмыстарды жүйелеуге бағытталған.
Осы орайда, Шымкент қаласының Абдуллабад тұрғын алабында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақпараттық-түсіндіру тобы тұрғындар арасында келісім мен татулықты нығайту мақсатында кездесу өткізді. Іс-шараның негізгі өзегі – этностар арасындағы өзара құрметті арттыру, тұрақтылық пен бейбіт өмірді сақтау, келісімнің қоғамдағы маңызын түсіндіру болды.
Жиын барысында діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, түсініспеушіліктердің алдын алу тәсілдері талқыланып, қоғамдық келісім мәдениетін қалыптастыру сынды мәселелер қозғалды.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы Нұржан Әбдікәрім, Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төраға орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, Еңбекші аудан әкімі аппаратының әлеуметтік қорғауға қолдау көрсету бөлімінің бас маманы Роза Ирисбекова, Қаратөбе аумағының төбе биі Абдумутал Исраилов, сондай-ақ Абдуллабад тұрғын алабының ауыл биі Икрамжан Эргешов қатысты.
Сөз алған мамандар ұлтаралық татулықты сақтау тәжірибесі, қоғамдағы жауапкершілік пен өзара құрметті қалыптастыру жолдары, ақпараттық кеңістікте тұрақтылықты сақтау тетіктері жөнінде ой бөлісті.
Кездесу соңында тұрғындар қоғамдық келісім, бірлік пен ынтымақты сақтау, этносаралық қатынастарды нығайту тақырыптарында сұрақтар қойып, пікір алмасты.









