Этносаралық татулықты тереңдету туралы тұрғындармен кездесу өтті

Бүгінде Шымкент қаласына қарасты аудандарда татулық пен тұрақтылықты ту етіп, қоғамдық келісімді басты құндылық ретінде ұлықтау мақсатында тұрғындармен кездесулер өткізіп тұру тұрақты түрде қолға алынған.
Түрлі этнос өкілдерінің арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты, бірлік пен ынтымақты тереңдетуге бағытталған кешенді іс-шаралар жүйесі қоғамда айрықша рөл атқарып келеді. Бұл жолғы кезекті кездесу Шымкент қаласына қарасты Базарқақпа тұрғын алабына аялдап, тағылым мен тәрбиесі мол жиындармен жалғасын тапты.
Шымкент қаласының Базарқақпа тұрғын алабында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында кездесу ұйымдастырылды. Басқосудың басты көздегені – қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау, этностар арасындағы өзара ауызбіршілікті арттыру, келісім құндылықтарының көкжиегін кеңейту болды.
Жиын барысында елдегі қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық қарым-қатынастарды үйлестіру, азаматтық қоғам институттарын дамыту, жалпыұлттық бірлік пен патриотизмді ұлықтау, этносаралық татулық пен діни келісімді күшейту, түсініспеушіліктің алдын алу, қоғамдық келісім мәдениетін қалыптастыру бағытында мазмұнды ақпараттар ұсынылды.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы Нұржан Әбдікәрім, Еңбекші ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік қорғауға қолдау көрсету бөлімінің бас маманы Роза Ирисбекова, Қаратөбе аумағының төбе биі Абдумутал Исраилов және Абдуллабад тұрғын алабының ауыл биі Икрамжан Эргешов қатысты.
Спикерлер өз сөздерінде Қазақстандағы этносаралық татулық, діни сауаттылық, қоғамдағы келісім мәдениетін қалыптастырудың маңызы туралы кеңінен тоқталды.
Басқосу барысында Базарқақпа ауданы тұрғындарымен ашық сұхбат құру арқылы ел ішіндегі этносаралық қатынастарды одан әрі дамыту жолында қандай қадамдар қажет, жастарды теріс ағымнан, әлеуметтік желілердегі арандатушылықтардан қалай сақтау керек, отбасылық тәрбие мен мектептегі патриоттық тәрбиенің үйлесімділігін қалай қамтамасыз ету керек деген секілді көптеген күрделі, маңызды мәселелер көтерілді.
Ашық форматты кездесу соңында әрбір тұрғынның санасына бірлік пен бейбітшілік құндылықтарын сіңіру, жүрегіне ұлттық бірліктің қасиетті мағынасын жеткізу, ынтымақ, отбасылық құндылықтарды сақтау және татулықты нығайту жолдары жөнінде пікірлер ортаға салынып, қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптар берілді.









