Әлеуметтанушы: Жемқорлықты тек жазамен емес, қоғамдық сана арқылы жеңуге болады

Биыл 25-27 маусым күндері Ұлытау ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және парасаттылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған бірқатар ақпараттық кездесулер өтті. Кездесулердің негізгі мақсаты – қоғамда әділдік, адалдық және ашықтық құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер арасында парасаттылық мәдениетін қалыптастыру. Бұл шаралар Ұлытау ауданының ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі спикері – әлеуметтанушы, “Рух жаңғырығы” қоғамдық қорының жетекшісі Айдар Хамит. Өз сөзінде ол сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін кері әсерін ерекше атап өтті:
“Бүгінгі кездесулердің басты мақсаты – қоғамда парасаттылық мәдениетін қалыптастыру. Сыбайлас жемқорлық – бұл тек заңбұзушылық емес, ол қоғамдық сенімді әлсірететін қауіпті құбылыс. Сондықтан біз ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тек формалды деңгейде емес, әр азаматтың ішкі жауапкершілігіне әсер ету үшін жүргізуіміз қажет. Мемлекеттік қызметкерлер – халықпен тікелей жұмыс істейтін тұлғалар, олардың адалдығы мен ашықтығы – қоғамдағы әділдік пен сенімнің негізі.
Бұл кездесулер тек бір реттік шара емес, ұзақмерзімді мәдени өзгерістерге бастар жол болуы тиіс. Әрбір адам, әрбір мекеме бұл процестің бір бөлшегі екенін сезінуі маңызды. Жемқорлықты тек жазамен емес, қоғамдық сана арқылы жеңуге болады”
Ақпараттық кездесулерге Ұлытау ауданы мен ауылдық округі әкімдіктері мен Мәслихат аппараты, аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасы, Жастар ресурстық орталығы, сондай-ақ Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, Ұлытау ауданы полиция бөлімі, аудандық Мәдениет үйі және Амангелді, Қаракеңгір ауылдық округінің, Жезді, Қарсақбай кенттерінің жұртшылығымен сияқты түрлі мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында қатысушыларға мемлекеттік қызметтегі әдеп пен адалдық қағидаларын түсіндіруге арналған арнайы жаднамалар таратылды. Сонымен қатар, қызмет бабында сыйлық қабылдауға жол берілмейтіні жөнінде ескерту жасайтын ақпараттық плакаттар мекеме ғимараттарына орналастырылды. Бұл қадамдар мемлекеттік қызметшілер арасында парасаттылықты арттыруға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған нақты іс-шаралардың бірі болды.
Аталған шаралар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған. Осындай бастамалар арқылы Ұлытау өңірі “Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам” қағидатын жүзеге асыруға өз үлесін қосуда.












