Бурабайға бір күндік сапар: табиғат пен тарих

0
15
Бурабай – бұл тек Қазақстанның географиялық нүктесі емес, бұл – табиғаттың ғажайып сұлулығы мен халқымыздың аңызға толы тарихи жадын бойына сыйдырған қасиетті мекен. Ақмола облысында, елордадан небәрі 2,5–3 сағаттық жерде орналасқан бұл өңір – бір күндік саяхатқа сұранып тұрған ерекше орын. Тыныштық пен шабыт іздегендер үшін бұл сапар рухани әрі табиғи серпіліс болмақ.
Бурабай жеріне аяқ басқан сәттен бастап адам өзін мүлде басқа әлемге енгендей сезінеді. Мұндағы қылқан жапырақты ормандардың иісі, самал желдің жүзді аймалауы, күннің көлге шағылысқан сәулесі – бәрі-бәрі жанды тербетіп, жүрекке тыныштық сыйлайды. Бурабай, Щучье, Үлкен және Кіші Шабақты көлдері – суы мөлдір, жағасы жұмсақ құмды, жағалауында демалып, табиғатпен етене араласуға мүмкіндік береді.
Жаяу серуендеу жолдары арқылы тауға шығып, айналаға көз салған сәтте көкжиектегі тау сілемдері мен орманның үйлесімі ерекше көрініс береді. Бұл – тек денені емес, жан дүниені де емдейтін сәт.
Бурабайдағы әрбір тастың, әрбір жартас пен шыңның өз тарихы бар. Соның бірі – Оқжетпес. Бұл биік жартасқа қатысты ел арасында тараған аңыз – бір бойжеткеннің бостандығы мен ар-намысы үшін жанын пида еткендігі жайлы. Қол жетпеске теңестірілген бұл тастың аты да сол оқиғамен байланысты: “оқ жетпейтін” – Оқжетпес.
Сондай-ақ, Жұмбақтас жартасы да ерекше назар аударарлық. Оны әр қырынан қарағанда адам бейнесі әр түрлі пішінде көрінеді: бір жағынан – жас қыз, бір жағынан – кемпір, енді бірінен – жігіт бейнесі байқалады. Бұл – өмірдің көпқырлы, адам табиғатының терең екенін меңзейтін символ іспетті.Егер қыс мезгілі болса – шаңғы тебуге, жаз болса – суға шомылып, қайықпен серуендеуге де мүмкіндік мол.
Бурабайдың ең үлкен артықшылығы – оның елордаға жақын орналасуы. Көлікпен жол жүру – оңай әрі ыңғайлы. Жеке көлікпен, автобуспен немесе пойызбен жетуге болады. Бұл – отбасымен, достармен немесе жалғыз саяхаттап жүргендер үшін де тиімді бағыт.
Бурабайға жасаған бір күндік сапар – бұл жай ғана демалыс емес. Бұл – табиғаттың шексіз сұлулығын тамашалау, ата-баба рухымен үндесу және өз ішкі жан дүниеңмен тілдесудің бір сәті. Мұндай сапарлар адамға тек тынығу емес, шабыт, ой және өмірге жаңа көзқарас сыйлайды.

ПІКІР ЖАЗУ