Абылайхан Жүсіпов алтын медаль алды

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды
Қазақ боксшысы Абылайхан Жүсіпов Нидерландтағы Eindhoven Boxcup халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасаған Democracy.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
70 келі салмақ дәрежесіндегі финалда Абылайхан Жүсіпов өзбекстандық боксшы, Париж Олимпиадасының чемпионы Асадхуджа Муйдинхуджаев кездесті.
1 раундтан кейін Абылайханның қабағының жарылуына байланысты жекпе-жек тоқтатылды. Алғашқы раундтың қорытындысы бойынша төрешілер қазақ боксшысын жеңімпаз деп таныды.
Осылайша, Абылайхан Жүсіпов турнирдің алтын медалін еншілеп, жеңіс тұғырына көтерілді.
Жалпы, бұл халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы 5 алтын және 3 қола медальмен командалық есепте бірінші орын иеленді.