Кәсіпкерлер Ресей Федерациясындағы кеден органдарының әрекетіне шағымданып жатыр
Қазақстандық кәсіпкерлер үкіметтен Ресеймен шекарадағы жағдайды шешіп беруін сұрап отыр. Бұл туралы Democracy.kz ақпараттық порталы Stan.kz ақпарат агенттігі мен LS порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев отандық кәсіпкерлердің Ресей Федерациясындағы кеден органдарының әрекетіне шағымданып жатқанын жеткізді.
“Біз отандық бизнестің мүддесін қорғап, мәселенің шешілуін талап етеміз. Ресейлік кеден органдарының үшінші елдерден келетін тауарлардың транзитіне кедергі келтіретін әрекеттері Ресей үкіметінің саясатына және ережелеріне қайшы келеді. Осылайша қазақстандық импорттаушылар мен экспорттаушыларға кері әсерін тигізіп жатыр. Соның салдарынан көліктер тұрып қалып, жүктер бірнеше рет тексеруден өтіп жатыр”, – дейді Ержан Бейсенбаев.
Оның айтуынша, көліктердің тоқтап тұруы шағын және орта бизнестің айтарлықтай шығынға ұшырауына себеп болып отыр. Көліктер кешігіп келгені үшін ірі көлемде айыппұлдар төйледі екен.
“Ресейлік кеденшілер өз үкіметінің 2022 жылғы 9 наурыздағы № 311, 312, 313 қаулыларына сілтеме жасап, Еуропа елдерінен халықаралық транзит кезінде Қазақстанға келетін жүк көліктері тоқтатылып, тексеруден өтетінін айтады. Бірақ мұндай шектеулер Қытайдан ЕО елдеріне біздің еліміз және Ресей арқылы өтетін транзитке қолданылады. Сонымен қатар бұл қаулыларда Ресей Федерациясының үкіметі тауарлардың жекелеген түрлерін ел аумағынан шығару уақытша шектелген. Десе де бұл шектеулердің Ресей аумағынан тыс жерде басталып, сол аумақта аяқталатын халықаралық транзиттік тасымалдаудың бөлігі ретінде тасымалданатын тауарларға қатысы жоқ”, – деді депутат.
Ержан Бейсенбаев кедендегі қазіргі жағдай Еуразиялық экономикалық одақтың мәні мен нормаларына қайшы келетінін айтады.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.