Ене мен келін арасындағы ерекше байланыс: Роза Бағланова мен Марал Бағланованың өмірінен сыр

0
21

Халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алған Роза Бағланованың келіні Марал Бағланова KAZ.NUR.KZ сайтына берген сұхбатында енесінің жеке өмірі туралы айтып берген. Ол журналистің «Ене мен келіннің, яғни Роза Тәжібайқызымен соңғы диалог есіңізде ме?» деген сұрағына жауап берді.

«Соңғы диалог… Ауруханаға бара жаттық. Ол кісінің өкпесіне жиі су жиналып қалатын. Ол кісіде түрлі сырқат болды ғой. Қант диабеті, қан қысымы көтерілді. Өте қиын болды. Соңғы рет көлікпен ауруханаға қарай бара жаттық. Сол кезде әтірлер сататын дүкенді көрсетіп, «Ауруханадан шыққан соң екеуміз бір хош иісті әтір сатып алайықшы» деді. Мен сөзін құптады. «Ой, шіркін екеуміз бірге Францияға барсақ қой» деді. Солай мені шетелге апарсам, киім алып берсем деп армандайтын. Ауруханаға бара жатқандағы дәл осы әңгіме есімде қалды. Бір қызығы, ол кісі ернін бояғанда айнаға қарамай, түп-түзу бояйтын. Сосын менен сұрайтын. «Ой, мама, супер» дедім. «Менде стаж бар ғой, стаж» деп күлді. Содан ауруханаға жатты, одан кейін дұрыс сөйлескен жоқпыз. Реанимацияға түсті. Қайтыс болардан бір күн бұрын бардым, есін жиды. Көзінен жасы ағып, қолымды қысып, «Жылама» деді. Оның алдында үш рет жансақтау бөліміне түсіп, аман алып қалған едік. Мама кетер кезде үш күн бойы түс көрдім, сол түсімнен кейін мама өмірден озды. Бірақ ауруханаға өз аяғымен барды», – дейді ол.

Сондай-ақ ол енесі қайтыс болғаннан кейін 40 күн бойы кітап жазғанын айтты.

«Білесіз бе, мама өмірден озғанда мен кітап жазуды бастағанмын. Мама қайтқан сәттен бастап 40 күн бойы кітап жаздым. Содан кейін оны жаптым да қоя салдым. Білмеймін, әрі қарай жаза алмадым. Осы жақында ғана, бір ай бұрын сол кітапты қайта жалғастырсам ба деп ойлана бастадым. Психологқа бардым, сол психологтың көмегі шығар. Қайта шабыттандым. «Өткенді есіңе алғың келмейді» дейді. Кітапты ашамын, қайта жылаймын. Енді сол кітапты қолға аламын. Ол кітапта ене мен келіннің қарым-қатынасы, жалпы бір-бірімізді көрген күннен бастап соңғы күнге дейінгі өмір жолы баяндалады», – дейді ол.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.

 


ПІКІР ЖАЗУ