Республика күні – еліміздің ұлық мерекесі
25 қазанда барлық қазақстандықтар ұлттық мереке – Республика күнін атап өтеді. Осыған орай елордадағы «Астана Опера» театрының әртістері отандастарын құттықтап, егемен еліміздің одан әрі гүлденуін және өсіп—өркендеуін тіледі.
Осы ретте «Астана Опера» театрының хормейстері Ержан Сансызбаев тәуелсіз мемлекет атану бүкіл қазақ тарихындағы ең басты жетістіктердің бірі болғанын атап өтті. Оның айтуынша, алғашқы жылдардың қиындықтарын еңсере отырып, Қазақстан түрлі бағыттарда дамыды.
– Классикалық немесе ұлттық жанр болсын, барлық бағыттар дамуға серпін алды. Бұрынғы ұмытылып кеткен айтыс өнері, жыршылық дәстүр мен Наурыз мерекеміз қайта жанғырды. Бұл – тәуелсіздіктің бізге берген басты жетістіктерінің бірі деп санаймын. Қазір біз классикалық жанрды ғана дамытып жатқан жоқпыз, сонымен қатар қолымыздан келгенше қазақ әндерін хорға өңдеудеміз. Өнерімізді Қазақстанда ғана емес, шетелде де таныстыруға мүмкіндігіміз бар. Өз басым 15-тен астам мемлекетте өнерімді паш еттім, – деді Ержан Сансызбаев. – Әр адам өзіне «мемлекет маған не береді» деп емес, «мен елімнің дамуы үшін не істей аламын?» деп сұрақ қоюы керек. Елің үшін тер төккенің – отбасың үшін тер төккенмен бірдей, сондықтан барлығын Қазақстанның дамуына үлес қосуға шақырамын. Еліміздің игілігі үшін еңбек ету – бәрімізге үлкен қуаныш. Республика күні құтты болсын!
Ал «Астана Опера» симфониялық оркестрі гобойлар тобының концертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дамиля Махпирова Республика күнін достықпен байланыстырады. Ол бұл мерекеде көп ұлтты Қазақстан халқының бірлігін көреді.
– Егемен елімізде әрбір ұлт ынтымақ-бірлікте өмір сүріп, өздерінің сүйікті істерімен айналысуда. Өзіміздің «Астана Опера» оркестрін алып қарасақ та, музыканттардың түрлі ұлттан екенін байқауға болады, алайда қай этникалық топқа жататынымызға қарамастан, барлығымыз келісімде еңбек етіп келеміз. Менің бойымда қазақ, ұйғыр және татардың қаны бар, сондықтан дана Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқандай, мен барлық халықты жақсы көремін. Шынымен, тәуелсіздік елімізге көп жақсылығын әкелді. Конституциямыздың арқасында әрқайсымыздың таңдау еркіндігіміз бар. Менің ойымша, бұл өте маңызды фактор. Барша қазақстандықтарды осынау керемет мерекемен құттықтап, барлықтарына мықты денсаулық тілегім келеді, – деді Дамиля Махпирова.
«Астана Опера» опера труппасының солисі Гүлдана Алдадосова да қазақстандықтарды құттықтады.
— Кез келген халықтың ұлттық болмысын оның мәдениетіне қарап білуге болады. Шетелде өнер көрсеткен кезімде кәсіби музыка мамандарының қазақ опера әншілерінің дауысына тәнті болатынын жиі байқаймын. Олардан: «Сіздердің дауыстарыңыз сыңғырлап тұр, тембрлеріңіз өте әдемі, бояуларға толы» деген сөздерді үнемі естимін. Шетелдіктердің біздің мәдениетіміз бен өнерімізге зор құрметпен қарайтыны қуантады. Бүгінде еліміз мәдениеті мен өнері дамыған мемлекеттердің қатарында деп сеніммен айта аламыз. Осы қалпымыздан таймай, егемен еліміздің дамуына үлесімізді қоса берейік!
Театрдың балет труппасының солисі Диас Құрманғазы да әріптестерінің ізгі лебіздеріне қосылды.
– Қазақстанды өркендету жолында еңбек етуден ешқашан да жалықпаспын. Өнер жолында жүрген біз секілді жастардың елімізді әлемдік аренада танытуға мүмкіндіктері көп. Мәселен, шет елдердегі гастрольдер кезінде біз жаңа жанкүйерлер табамыз және өнеріміз арқылы олар Қазақстанды таниды, мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге қызығушылықтарын білдіреді. Жалпы, қай кезде де өзімнің қазақстандық екенімді және тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымды мақтанышпен айтып жүремін. Егер әр адам елімізге пайдасын тигізуге тырысса, бізді алда бұдан да жарқын күндер күтіп тұрғанына сенімдімін!
Барлық қазақстандықтар секілді, елордалық театр әртістері де Республика күнін асыға күтеді және бұл күннің маңыздылығын терең түсінеді.