Жайдарлы Жайдарман ойыны Көкшенің төрінде

0
40

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ, студенттер мен жұмысшы жастар арасындағы жайдарлы жайдарманның «Жастар кубогы-2024» ойыны  өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту және қолдау, Ақмола облысында әзіл қозғалысын насихаттау және кеңейту, жастардың шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі танытуына мүмкіндік беру, командалардың шығармашылық деңгейін арттыру. Ұйымдастыру комитеті мен редакциясы әр ойынға арналған конкурстық тапсырмалардың санын, олардың тақырыбын, қазылар алқасының құрамын анықтады. Командалардың ойынға қатысу тәртібін ойын редакциясы бекітті.

Ойынға тек Ақмола облысының жас командалары ғана емес сонымен қатар, Астана, Алматы, Қарағанды қаларынан келген үздік командалар қатысты. Аталмыш ойында Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын немесе қоғамдық мораль мен адамгершілік тұрғысынан жол берілмейтін әзілдерге, басқа командаға тиесілі, баспа немесе электронды бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған, әзіл-қалжыңдар немесе басқа да мәселелер бойынша қоғамдық әзілдерге жол берілмейтіні жөнінде қатысушыларға ескертілген болатын.

«Республика тарапынан, дарынды жастарды қолдау мақсатында ауқымды шаралар мен байқаулар өткізілуде. Соның бірі – Жайдарман. Қазіргі таңда аталмыш ойынға жүлделі қорға ақшалай сертификаттар табысталуда. Мысалға, бүгінгі шараға 700 мың теңге жүлде қоры бөлінген болатын. Атап айтсақ, жүлделі 1 орынға – 300 000 тг, 2 орын – 200 000 тг, 3 орын-100 000 тг. Сонымен қатар, 100 000 тг соммасында 2 номинация бойынша 50 000 теңгеден қаражат қарастырылған. Сондай-ақ, жайдарлы жайдарман ойынында әкім кубогының жүлделі қорына 2 200 000 қаражат бөлінді. Өнерлі, талантты әрі тапқыр жастарымыздың арасында өткізіліп келе жатқан жайдарман ойыны өңіріміздегі Көкшетау қалалық және Зеренді аудандық лигалары өткізу көзделуде. Ол жерде жүлде қорына бағалы сыйлықтар табысталмақ. Ал Степногорск қаласында аталған ойынның жүлде қорына 350 000 тг қаражат бөлінген» — дейді өңірлік Ішкі саясат басқарма басшысы Алмас Аянұлы.

«Тұтастай алғанда ойын өте қызықты әрі тартысты өтті. Әр команданың белсенді жанкүйерлері шын жүректерімен өздерінің сүйікті командаларына жанашыр болып қолдау көрсеткені бірден байқалды. Жалпы шараға 8 белсенді команда қатысты. Өнерлі, талантты және белсенді жас ұрпақ қоғамның, жастар саясаты қозғалысының дамуына түрткі болатыны сөзсіз» — деп облыстық Жастар-ресурстық орталығының бөлім басшысы Асия Закенай атап өтті.

Ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды – Астана қаласы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Тұмар» құрамасы алды. Екінші орынды – Астана қаласынан «Сейфуллин» командасы иеленсе, үшінші орын Алматы қаласынан «Алматы» командасына бұйырды.  «Үздік ойыншы» номинациясы –  Астрахан ауданынан «Каис» құрамасының ойыншысы – Ордабаев Жасұлан иеленсе, «Ең үздік әзіл» номинациясы – Қарағанды қаласы атынан қатысқан «Орталық» командасы алды.

Барлық командаларға қатысқаны үшін сертификаттар табысталып, әр жүлделі орынға ие болған командалар және номинация жүлдегерлері дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.


ПІКІР ЖАЗУ