«Астана Опера» труппасы «Музыканы көру» фестивалі аясында «Абай» операсын таныстырады
«Астана Опера» труппасы Мәскеуге гастрольге аттанады. Ол жақта ұжым Үлкен театрдың Жаңа сахнасында «Абай» операсын таныстырады. Бұл көрсетілім алыс-жақын шет елдерден үздік опера қойылымдарының басын қосатын «Музыканы көру» халықаралық фестивалінің бір бөлігі болмақ. Гастроль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің және Үлкен театр әкімшілігінің қолдауымен өтеді.
М.Әуезовтің либреттосына жазылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсын Элмар Бөрібаевтың басқаруымен «Астана Опера» опера труппасының солистері, хор әртістері, балеті, мимансы мен симфониялық оркестр музыканттары орындайды.
«Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяровтың айтуынша, бұл – театр үшін Қазақстанның мәдени мұрасын ресейлік көрермендерге көрсетуге бірегей мүмкіндік:
— Қазақстандық операны әлемнің ең беделді сахналарының бірінде таныстыру біз үшін зор мәртебе. «Абай» операсы халқымыздың рухын бейнелеп қана қоймайды, сондай-ақ оның мәдени мұрасының символы болып табылады. Осы туындыны ресейлік аудиториямен бөлісетінімізге қуаныштымыз, — деп атап өтті Ғ.Ахмедьяров.
«Абай» операсы – бұл 70 жылдан астам уақыт бұрын жазылған мәңгілік шығарма. Қоюшы дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаевтың күш салуының арқасында бұл опера «Астана Опера» сахнасында жаңа өмірге ие болды. Бас дирижердің ұлттық классикаға және өзінің арғы атасы Ахмет Жұбановтың шығармашылығына деген ерекше көзқарасы бұл қойылымды қазақстандық музыка өнерінің хас үлгісіне айналдырды. Осы еңбегі үшін театр 2018 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
«Абай» қойылымы махаббат, жақсылық пен зұлымдықтың күресі жайлы баяндап қана қоймайды, сондай-ақ қазақтың жанының тереңдігі мен сан қырлылығын бейнелейтін айна іспетті. Спектакль көрермендерге көшпенділердің философиялық ой-толғамдары мен тұрмыс-салттарының бірегей дәстүрін ашады.
Спектакльде оның қойылымдық бөлігі маңызды рөл атқарады. Италиялық режиссер Джанкарло дель Монако режиссердің кеңесшісі Есмұқан Обаевпен, бас хормейстер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовпен, сондай-ақ көрнекті сценограф Эцио Фриджерио және «Оскар» сыйлығының лауреаты, костюмдер бойынша суретші Франка Скуарчапиномен бірлесіп, костюмдер дербес өнер туындылары ретінде көрінетін дәуірдің таңғаларлық атмосферасын жасады.
«Абай» операсы әлдеқашан тәуелсіз Қазақстанның төл белгісіне айналып, көптеген елдердің (Италияны қоса алғанда) сахналарын бағындырды және көрермендердің таңданысқа толы пікірлерін жинады.