Astana Opera Халықаралық опера академиясында жаңа оқу жылы басталды

0
54

Astana Opera Халықаралық опера академиясы 1 қазанда өзінің үшінші оқу маусымын бастады. Биыл тыңдаушылардың арасында Қазақстанмен қатар, Ресей және Моңғолиядан келген дарындар бар. Болашақ опера жұлдыздарын дамыту және қолдау мақсатында құрылған академия халықаралық қауымдастықтың назарын өзіне аудартуды жалғастырып келеді.

Қатысушыларды іріктеу өте қатаң ұйымдастырылды. Вокалистер үш кезеңнен тұратын тыңдаудан өтіп, ол жерде олардың кәсіби дағдыларын опера сахнасының танымал шеберлері бағалады. Қазылар алқасының құрамында әйгілі ұстаз, профессор Дмитрий Вдовин, сұранысқа ие опера ұстазы, пианист әрі дирижер Алессандро Бениньи, профессор, танымал опера әншісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, италиялық дирижер Джузеппе Акуавива және италиялық профессор Алла Симонишвили болды. Олардың әрқайсысы қарқынды оқу барысына енуге дайын үздік орындаушыларды іріктеу процесіне елеулі үлесін қосты.

Тыңдаулар нәтижесінде Astana Opera Халықаралық опера академиясына 10 академист қабылданды. Жаңа топтың құрамында Асылзат Нұғыманова, Дильназ Омарханова, Рузиля Тюменцева (Ресей), Сара Садығұлова, Айгерім Темірбекова (сопрано), Василиса Савкина (меццо-сопрано, Ресей), Абылай Бекен, Біләл Қуаныш (тенор), Мунхтувшин Хоролгарав (баритон, Моңғолия), Диас Орысбай (бас) сынды дарынды орындаушылар бар.

 

— Академияға оқуға түсу – бұл мен үшін әртіс ретінде өсуге керемет мүмкіндік. Кемеңгер шеберлердің жетекшілігімен білім алу – құнды тәжірибе. Әрбір сабақ, әрбір дайындық вокал техникасы мен сахна шеберлігінде жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз мұнда ән айтуды ғана меңгеріп қоймаймыз, сонымен қатар музыканы түсінуді, оны сахнада өн бойымыздан өткізуді және дыбыс пен нотадан басқа да дүниелерді көрерменмен бөлісуді үйренеміз, — деп атап өтті баритон Мунхтувшин Хоролгарав.

Академияның оқу бағдарламасы шынымен де қарқынды болады деп күтілуе. Солистерді вокал бойынша тереңдетілген сабақтармен қоса опера өнерінің майталмандары мен шетелдік оқытушылардың шеберлік сағаттары күтеді. Академистер сахнада жұмыс істеу бойынша құнды тәжірибе жинақтайды: оларды «Астана Опера» театрының екі алаңындағы, яғни Камералық залы мен Үлкен залы сахналарындағы өнер көрсетулер күтеді. Бұл кәсіби опера театрының атмосферасына толық бойлауға және қойылымдардағы сан алуан партияларда өзін байқап көруге мүмкіндік береді.

Astana Opera Халықаралық опера академиясы үшінші маусымының басталуы опера әртістерінің жаңа буынын даярлауда маңызды кезең болады деп күтілуде. Жақында олар қазақстандық жұртшылықпен қатар халықаралық көрермендерді де өздерінің шеберліктерімен қуанта алады.


ПІКІР ЖАЗУ