Vivat, балет!

0
62

18-19 қыркүйекте «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында балет кеші өтеді. Көрермендер «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратованың асқан шеберлікпен құрған бағдарламасына баға бере алады. Концерт екі бөлімде өтіп, күздің салқын күндерінде міндетті түрде астаналықтардың жүрегін жылытады.

«Астана Опера» балет труппасы жазғы демалыстан кейін көрермендердің алдына алғаш рет шығатынын атап өтуіміз керек.

– Әртістеріміз көрермендермен кездесетін сәтті асыға күтуде. Бағдарламамыздың «Nomad Dance Gala» деп аталатын бірінші бөлімінде жас қазақстандық балетмейстерлердің туындылары мен ұлттық нөмірлер таныстырылады. Әлбетте, кеш премьерасыз өтпейді, Қазақ ұлттық хореография академиясы дайындаған «Асан мен Үсен» көңілді жаңа нөмірі балет жанкүйерлері үшін тосын жаңалық болмақ. Кештің екінші бөлімінде біз XX ғасыр жауһары – Н.Римский-Корсаковтың музыкасына кемеңгер хореограф М.Фокиннің «Шехеразада» балетін ұсынамыз. Спектакльге арналған сценографияны үздік театр суретшілерінің бірі Л.Бакст жасаған. Ол Санкт-Петербор мен Парижде көп жұмыс істеген және өткен ғасырдың басында экзотика мен ориентализм жайлы еуропалық сән үлгілерінің шығарушысы болған, – деді «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова.

Театр гала кеште жетекші солистердің, сондай-ақ кордебалет әртістерінің қатысуымен болатын нөмірлерді паш етеді, олар жеке және дуэтте өнер көрсетеді. Бағдарлама «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына Анвара Садықова мен Алмат Шәмшиевтің хореографиясындағы «Жәрмеңке» нөмірімен ашылады. Сондай-ақ бұл кеште Әмина Кисембаева мен балет әртістері Анвара Садықованың тағы бір авторлық қойылымы – Steppe Sons альтернатив-фолк тобының музыкасына «Сарматтық абыз әйел» нөмірін орындайды.

Патрик де Бананың қойылымындағы «Дала үні» балетінен адажионы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева мен Ғалымжан Нұрмұхамет, сонымен қатар Олжас Тарланов пен Әсел Шайкенова таныстырады. Бұдан бөлек, бағдарламаға осы керемет балетмейстердің хореографиясындағы тағы бір жарқын нөмір – «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына «Қилы заман» нөмірі енгізілген, оны Сұлтанбек Ғұмар орындайды. Ғажайып әрі қызықты ұлттық нөмірді елордалық көрермендер әлдеқашан ұнатып үлгерген.

Айта кету керек, өткен театр маусымында солист Сұлтанбек Ғұмар өзінің балетмейстерлік қабілетін көрсеткен еді. Жаңа маусымда ол «Mangurt» және «Рух» деп аталатын екі нөмірді ұсынады, оларды Нима Токов, Камила Орманова, Ислам Қайыпбай, Айдан Қалжан және «Астана Опера» әртістері орындайды. Сондай-ақ бағдарламада Ғазиза Молдахметтің орындауында «Сыған биі», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова мен Жақсылық Сауқымбековтың интерпретациясында «Аңсау» нөмірлері таныстырылады. «Nomad Dance Gala» қазақстандық хореографиялық өнердің бірегей стилін іздеуге деген талпынысты көрсетеді, бұл отандық балетті жаңа, анағұрлым жоғары деңгейге көтеретіні сөзсіз.

Бұдан бөлек, көрермендер гала кештер өтетін түрлі күндері әртістердің екі құрамының шеберлігіне баға бере алады. Бұл көпшілік ұнататын «Шехеразада» балетінің жаңа қырларын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен, бұл спектакльде Алтын құлдың басты партиясын Серік Нақыспеков пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан орындаса, Зобеиданы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева мен Анастасия Заклинская таныстырады. Бұл гала кеш балет маусымының ең жарқын оқиғаларының бірі болады деп күтілуде.

Концерттің басталуы 19:00-де.


ПІКІР ЖАЗУ