ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАН БАЙЛАРҒА АРНАЛҒАН ЭНЦИКЛОПЕДИЯ ДАЙЫНДАЛУДА
Қазіргі уақытта Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Абай атындағы ҚазҰПУ және ҚР Президентінің архиві, сондай-ақ облыстық және аудандық архивтер ғалымдары 20-30 жылдары репрессияға ұшыраған қазақ байлары туралы энциклопедияны дайындап жатыр.
Берілген мәліметтерге сүйенсек, сол жылдары Қазақстанның ауыл тұрғындарының 800 000-ы түрлі саяси қудалауға ұшыраған, олардың 1056 — «байлар» категориясына жатады. Сол уақытта байлар ауылдағы ең танымал, элиталардың қатарында болған. Сондай-ақ олар қиын-қыстау заманында халыққа көмек қолын созып, тіпті аштықтан құтқарған. Алайда большевиктер оларды өздеріне қауіп төндіретін бәсекелес және қас жау ретінде қарастырды.
Осыған байланысты хронологиялық тарихи деректерді төменде қысқаша беріп кеттік.
- 1928 жылғы 27 тамызда Қазақ АКСР-дің Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы» қаулы қабылдап, байлардан мал-мүлікті тәркілеу және оларды басқа округтерге көшіру саясатын бастаған.
- Байлар қатарына бұрынғы болыс басқарушылары, хан-сұлтандардың ұрпақтары, «атқамінерлер» және т.б. қосылды.
- Кейде бұл топқа кедейлер мен орта шаруа өкілдері де кіріп, кеңес үкіметіне қарсы болғаны үшін жазаланған.
- Байлардан 145 мың ірі қара мал тәркіленген. Жылдар бойы жиналған мал-мүлік заңсыз тәркіленді.
- Байлар бір округтен екінші округке жер аударылды. Мысалы, Қызылжар округінің байы Садуақас Алтиев Ақтөбе округіне жер аударылған.
- Репрессияға қазақтың ұлы перзенттері — Абайдың ұлы Тұрағұл, Ыбырай Алтынсариннің жиені Қазмұхамед Алтынсарин, батыр Шұбыртпалы Ағыбайдың ұрпақтары және т.б. ұшыраған.
- Жаңа жерлерде байларға бөлек ауыл құруға тыйым салынды, бір жерге екі отбасыдан артық қоныстануға рұқсат етілмеді.
- Байлармен күрес және ұжымдастыру саясаты 2,5 миллион қазақ пен 200 мың басқа ұлт өкілдерінің өмірін қиған ашаршылыққа әкелді.
- ХХ ғасырдың 20-30 жылдары 1,8 миллион қазақ өзінің туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды.
- Мал басы күрт азайды: 1929 жылы 40,5 миллион мал болса, 1933 жылы тек 4,5 миллион ғана қалған.
- Көптеген байлар атылған. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында «Үштік» шешімімен байлар сотсыз және тергеусіз атылып, олардың мүліктері қайтадан тәркіленген.
Егер энциклопедияға өз үлестеріңізді қосқыңыз келсе, өздеріңіздің ата-бабаларыңыз туралы естеліктеріңіз бен архивтік материалдарды Самат Жұматайға жолдауларыңызды (8 775 537 7772, e-mail: kopeev95@mail.ru) жолдаңыздар. Материал көлемі 1,5 беттен аспайтын және нақты қолданылған әдебиет пен архив деректеріне сілтемелер болуы тиіс.