Антониу Кошта қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді

0
109

Сонымен қатар ол Қазақстан мен Еуропа арасындағы ықпалдастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Еуропалық Одақтың елімізбен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.

– Соңғы 10 жылда Еуропа Одағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне және шетелдік инвесторына айналды. Өз кезегінде Қазақстан Еуропаға мұнай мен уран жеткізуші елдердің үштігіне кіретін мемлекет ретінде экономикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады. Бүгін біз қарым-қатынасымызды нығайтудың және экономикалық байланыстарды дамытудың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз, – деді Еуропалық Кеңес Президенті.
Мәртебелі мейманның айтуынша, Еуропа Одағы мен Қазақстан БҰҰ Жарғысында бекітілген мультилатерализм қағидаттары мен халықаралық тәртіптің негізгі құндылықтарына сүйене отырып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ортақ ұстанымды қолдайды. Еуропалық Кеңес басшысы әлемдік қауіпсіздік, тұрақты даму мен өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігер дәл осы қағидаттар аясында жүзеге асуы тиіс екенін атап өтті.
Антониу Кошта Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимыл қазіргі көпжақты әлемдегі халықаралық қатынастарды ілгерілетудің маңызды факторы болып отырғанын айтты. Осы орайда ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кавказ өңіріндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Оның пікірінше, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Кавказ және Қара теңіз арқылы Еуропаға шығатын Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға қосымша серпін береді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастың кең ауқымды мәселелерін талқылап, көлік-логистика және транзиттік әлеуетті арттыру, цифрландыру және инновациялық технологиялар, энергетика саласындағы ынтымақтастық, маңызды минералдық ресурстарды игеру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі сияқты перспективті бағыттарға ерекше назар аударды. Тараптар бұл салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру өзара тиімді серіктестікті жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Сонымен бірге климаттың өзгеруіне қарсы күрес, «жасыл» экономика қағидаттарын ілгерілету, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды. Еуропалық Одақ тарапы аталған бағыттар бойынша тәжірибе алмасуға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді. Кездесу қорытындысында тараптар жоғары деңгейдегі саяси диалогты тұрақты негізде жалғастыруға және өзара іс-қимылды практикалық мазмұнмен толықтыруға уағдаласты.


ПІКІР ЖАЗУ