КӨКПАРДАН ФИНАЛДЫҚ ОЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
Көкпардан финалдық ойында Қазақстан құрамасы Қырғызстан командасын 5:4 есебімен жеңіп, алтын жүлдеге ие болды, деп хабарлайды деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Ұлттық және ат спорт түрлері орталығының» баспасөз қызметі.
Алғашқы таймда Қырғызстан құрамасы 1:3 есебімен алға шықты. Екінші таймда есеп теңесіп, 4:4 есебімен аяқталды. Үзілстен соң «алтын салым» салуға 10 минут уақыт беріліп, ойынның шешуші салымын қазақстандық көкпаршы салды. Жарыс 5:4 есебімен аяқталып, қазақстандық көкпаршылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтын жүлдесіне ие болды.
«Тартыс өте жоғары деңгейде өтті. Финалдық жарыста Қырғызстан мемлекетпен жарысқа шықтық. Жарыс көңілімізден шықты. Ал қарсы тараптың өз наразылығы төрешілерлерге айтып жатыр, оған төрешілер жауап береді. Біздің ұлттық құрама ақпан айынан бастап осы ойынға күні-түні дайындалды», — деді көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев.
Бұл ойын жайында ұлттық құраманың лидері Құрманбек Тұрғанбек:
«Ойын өте тартысты болды. Осыған дейін Түркия мемлекетінде өткен жарыста да осындай қызу ойын болып, нәтижесінде жеңіскен жеткен болатынбыз. Бүгінде дәл солай Алланың қалауымен жеңіске жеттік. Шыны керек эмоцияға толы ойын болды. Себебі бірінші таймда 1:3 есебімен жеңіліп жатып, соңғы минуттарда жеңіске жеттік. Осы тұста қолдаушыларымызға алғысымызды білдіреміз. Қолдаулары бізге жігер беріп отырды. Біз үшін осы ұлттық ойындарда маңыздысы Қазақ елінің намысын қорғап, көк туымызды көкте желбірету», — дейді шабандоз.
Көкпарға келген қолдаушылардың саны өте көп. Олардың арасынды кішкентай балалар мен қария кісілер, студенттер жетіп артылады. Қолдауға келген студент қыздардың айтуынша, ойын өте қызықты өтті. «Алғаш рет көкпар ойынына келіп, осынша эмоция алдық. Қазағымыздың көк туын желбіретіп, барынша спортшылармызға қолдау көрсеттік. Жеңіске жеткенімізге өте қатты қуаныштымыз», дейді қолдауға келген студенттер.
Назым МАЛИККЫЗЫ