ДӘСТҮРЛІ САДАҚ АТУДАН ҚОРЖЫНЫМЫЗҒА ЖАҢА ЖҮЛДЕ

0
68

Дәстүрлі садақ атудан үшінші жарыс күнінде садақшылар «Жамбы» нысанасы бойынша сынға түсті. Жәнібек Құлмырзаев пен Бақберген Сәлімов қола жүлдеге ие болды. Дәстүрлі садақ атудан жарыстың алғашқы күні «Пута» нысанасы бойынша Айкөркем Батихан мен Қасымхан Қанат қола жүлде алса, Жәнбек Құлмырзаев алтын жүлде иеленді. Ал «Қалқан» нысанасынан өткен бәсекеде Ербол Тәпенов күміс жүлдеге, ал Қасымхан Қанат қола жүлдеге ие болды, деп хабарлады «Ұлттық және ат спорт түрлері орталығының» баспасөз қызметі.

Жарыс жайында спортшымыз Жәнібек Құлмырзаев: «Осы салада жүргеніме 4 жыл болды. Ақпан айында Ұлттық құраманың іріктеуінен өтіп, көшпенділер жарысына 6 ай дайындалдық. Оның алдында Ұлттық құрамаға кіруге де ұзақ уақыт шыныққан болатынбыз. Міне, бүгін осының жемісін көріп отырмыз. Бір жағынан үмітпен қарап отырған халық бар, олардың ата-анамның үмітін ақтау үшін ойынға барымды салдым. Додада өзімді еркін сезіндім. Венгрия, Түркия, Ресей, Маңғолия жақсы дайындықпен келгендігін аңғарсақ болады. Оларда бұл спорт түрі өте жақсы жетілгені ойындарынан белгілі. Сонын арқасында тиесілі жүлдерін алып отыр. Алда Шымкент қаласынан дәстүрлі садақ ату орталығын ашып, осы спортты жетілдірсек деген ойым бар», деп халыққа, ата-анасына алғысын білдірді.

Қола жүлде иегері Бақберген Сәлімов:

«Бүгін дәстүрлі садақ атудан «Жамбы» нысанасы 30 метірден қола жүлдеге ие болдым. Өздеріңізге белгілі 33 мемлекеттен қатысқан спортшылардың арасынан суырылып шыққтаныма қуаныштымын. Не дегенімен өз елімізде болып жатқаннан соң, барлық жауапкершілікті қолымызға алдық. Ауа-райының қолайсыздығы сезілді. Сондықтан нысанаға барынша дұрыс көздеуге барымды салдым. Алайда 3 орын алғаныма мұңым жоқ, бір жағынан өзге мемлекет спортшылары біздің дәстүрлі садақ ату ойынында алтын, күміс алғанына қуанамын. Өйткені бұл біздің спортымыздың дамып жатқанының белгісі. Осы жылы Қазақстан чемпионаты, Әлем кубогы жарыстары бар, сол ойындардан енді алтын жүлде алуға барымызды саламыз», — деп өзінің алға қойған жоспарымен бөліскен спортшымыз.

Назым МАЛИККЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ