Ұлттық ұланы академиясында жаңа оқу кезеңі басталды

0
65

Бүгін Петропавлда Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы академиясының базасында 2024-2025 жылдың жаңа оқу кезеңінің басталуына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Тәңертеңгі уақытта саптық алаңда оқу орнының барлық жеке құрамы сапқа тұрғызылды. Ең алдымен Академия бастығы полковник Артур Токушев ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжановқа жеке құрамның шараға дайын екендігін баяндады. Одан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, қатысушыларға Білім күніне орай және жаңа оқу кезеңінің басталуына байланысты Ішкі істер министрінің орынбасары-Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың құттықтау жеделхаты оқылды.

Генерал-майор Бауржан Әбжанов офицерлер, келісім шарт бойынша әскери қызметшілер және курсанттар алдында сөйлеген сөзінде Білім күні тек оқытушылар мен оқушылардың ғана мерекесі емес, сонымен қатар білім берудің маңыздылығын атап өтуге арналған мереке. Ол қазіргі Қазақстан үшін ерекше маңызға ие, -деді.

— Күз айының алғашқы күні біз оқу орнымыздың табалдырығын алғаш аттаған 1 курс курсанттары мен магистранттарын ерекше салтанатты түрде қарсы аламыз. Олар үшін бірінші оқу жылы – ең маңызды сәттердің бірі. Олардың білім ордасында алған қабілеті мен дағдылары болашақтағы офицерлердің әскери қызметі мен тағдырына әсер етеді, — деді Бауржан Садықұлы.

Биыл Академияға 218 курсант оқуға түсті. Олардың ішінде еліміздің кез келген жоғары оқу орнының қабырғасында тегін білім алуға мүмкіндік беретін «Срочник 2.0» бағдарламасының сертификатын иеленген  13 курсант бар. Бірақ олар Ұлттық ұлан академиясын таңдағанын атап өтуге болады.

Сонымен қатар, 1-ші оқу батальонының курсанттары мен 2-курс магистранттары биылғы жылы оқу бітіреді. Сондықтан олар үшін күрделі практикалық сабақтар, тәжірибелер және басқа да маңызды іс-шаралар өткізу жоспарланған. Оның қорытындысы ретінде мемлекеттік емтихандар алынады.

Генерал-майор Бауржан Әбжанов өз сөзінде білімге, өзін-өзі тәрбиелеуге, өзінің таңдаған әскери мамандығының негіздерін түсінуге ұмтылған болашақ офицерлер маңызды мақсаттар қоюға және оларға қол жеткізуге мүмкіндік алатынын атап өтті. Ол Академия курсанттары мен магистранттарына білім алу жолында табандылық, ал командалық және профессорлық-оқытушы құрамға жаңа идеялар мен кәсіби табыстар тіледі.

Сондай-ақ жаңа оқу кезеңінің ашылуында Ұлттық ұлан академиясының ардагері отставкадағы полковник Бақытжан Сембаев пен 4 курс курсанты қатардағы жауынгер Диас Беделбай құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шара барысында Тілдік дайындық кафедрасының оқытушысы ефрейтор Жадыра Шакирбаева мен Оқу процесін қамтамасыз ету батальонының жөндеу взводының командирі аға сержант Дәурен Жүнісовке алғашқы офицерлік погондар табысталды. Жас офицерлерге Ішкі істер министрінің атынан «лейтенант» әскери шені бар погондарды Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов табыс етті.

Білім күніне және оқу кезеңінің басталуына арналған іс-шара Академия жеке құрамының салтанатты шеруімен аяқталды. Содан кейін олар оқу сыныптарына барды. Ал келісім шарт бойынша офицерлер мен әскери қызметшілер үшін бірінші сабақ мемлекеттік-құқықтық дайындық пәнінен басталып, оларға генерал-майор Бауржан Әбжанов ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының, ҚР Ішкі ішкі істер министрі мен Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының талаптары аясында Ұлттық ұланның негізгі міндеттерін жеткізді.

Айта кетейік, жаңа оқу кезеңінің басталуының ерекшелігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауымен тұспа-тұс келді. Мемлекет басшысының тікелей эфирде көрсетілген Жолдауын Академияның қолбасшылығы және оқу процесін қамтамасыз етуге жауапты офицерлер мен профессорлық-оқытушылық құрам жиналыс залында арнайы орнатылған үлкен лэд-экраннан тыңдады. Бұдан былай олар Жолдауда айтылған басым бағыттарды курсанттарға жеткізіп, Президент тапсырмасының орындалуына өз үлестерін қосады.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ