Музыка әуелеген күз
ХІІ театр маусымының ашылуымен «Астана Операда» көрермендер назарына Күләш Байсейітова атындағы Камералық залдың мазмұнды бағдарламасы да әзірленді. Ол 8 қыркүйекте елордалық қауымның көңілінен шыққан «Сегіз жыл мезгілі» концертімен басталмақ.
— Елордаға күздің келуімен қала тұрғындары мен қонақтары сүйікті әртістерінің орындауында спектакльдер мен концерттерге келуді күні бұрын ойластырып, театр маусымының басталуын асыға күтеді. Дәстүр бойынша маусымның басталуымен Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал да өз есігін айқара ашады. Осы сәтті пайдалана отырып, қымбатты көрермендерімізді осынау керемет оқиғамен құттықтап, шалқар шабыт, классикамен қауышу сәтінен жарқын эмоциялар мен әсерлер алуын тілейміз. Ал біз өз кезегімізде тыңдармандарымыздың үкілеген үмітін ақтап, он екінші театр маусымын танымал музыканттар мен болашағы жарқын жас орындаушылардың өнер көрсетулеріне, ересектер мен ең кішкентай театр сүйер жандарға арналған жаңа концерттік бағдарламалар мен қызықты да тартымды спектакльдерге толы болуы үшін барымызды салуға уәде береміз, — деп ойымен бөлісті К.Байсейітова атындағы Камералық зал жетекшісі Маржан Жәкенова.
«Сегіз жыл мезгілі» музыкалық кешін 8 қыркүйек күні «Астана Опера» театрының тамаша Камералық оркестрі және оның бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов ұсынатынын айта кеткен жөн. Классика сүйер қауым әлемдегі ең танымал туындылардың бірі – әйгілі композитор Антонио Вивальдидің төрт концерттен тұратын атақты «Жыл мезгілдері» топтамасын сүйсіне тыңдай алады. Сондай-ақ танымал скрипкашы Бағдат Әбілханов пен театр оркестрінің орындауында шырқалатын Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» тыңдарманды жалынды аргентиналық танго әлеміне жетелейді.
Бірнеше күннен кейін, яғни 12 қыркүйекте керемет «Бәріне ортақ жауһарлар» камералық музыка концерті өтпек. Бұл кеште театрдың дарынды аспапшылары көрермен үшін Еуропа елдеріне әсерлі музыкалық саяхат ұсынады. Скрипкашы Әсел Жақиянова, виолончельші Данияр Қадыралинов және пианист Зәру Жазықбаева чех композиторы Антонин Дворжактың «Думкалар» №4 фортепианолық триосын, op. 90, сондай-ақ венгр классигі Бела Бартоктың Скрипка мен фортепианоға арналған румын билерін және Давид Поппердің Виолончель мен фортепианоға арналған концерттік полонезін, op. 14 орындайды. Бұдан өзге, концерт аясында испан композиторы Педро Итурральденің қызықты «Грек сюитасы» шығармасымен сахнаға саксофоншылар квинтеті шықпақ: Жанна Ақтасова, Айдар Пердебек, Марина Пен, Инабат Төлеген, Меңсұлу Темірбекова.
— Зәру Жазықбаевамен біз бір-екі жылдың көлемінде дуэт болып өнер көрсетіп жүрміз, ол тамаша аккомпаниатор әрі солист-аспапшы. Трио құрамында бірлесіп өнер көрсету Данияр Қадыралиновтың идеясы арқасында пайда болды, бізде бірден ансамбль қалыптасып, одан әрі аспапта музыка ойнауды жалғастырғымыз келді. Бұл кеш үшін Дворжактың фортепианолық триосын бірге таңдадық, бұл туынды біздің қазақ халық музыкасына да тән өзіндік ерекшелігімен және әуезділігімен шабыт берді», — деп атап өтті Әсел Жақиянова. — «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында әрдайым дарынды музыканттар өз өнерін паш етуде, біз бағдарламаға қосымша қайталанбас бірегей реңк үстегіміз келді. Осылайша, саксофоншы Жанна Ақтасовамен достық қарым-қатынаста болғандықтан, мен оған біздің концертімізге қатысуды ұсындым. Ал ол болса, өз кезегінде, кештің контекстіне сүйене отырып, «Грек сюитасын» бес саксофоншының орындауы қажет деп шешті, — деді скрипкашы.
Сонымен қатар 15 қыркүйекте К.Байсейітова атындағы Камералық залда «Вена классиктерімен бірге күз» концерті өтеді, онда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері пианист Тимур Урманчеевтің жетекшілігімен FORTE-TRIO ҚР мемлекеттік триосы асқақ өнер сүйер қауымға көрнекті австриялық композиторлар В.А.Моцарт пен Л. ван Бетховен шығармаларының өзіндік шебер интерпретациясын ұсынады.