«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өңірде жалғасын табуда..
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Ақмола облысында экологиялық іс-шаралар жалғасуда.
28 тамызында Көкшетау қаласында жалпы республикалық «Таза Көкшетау» жобасын қолдау мақсатында экологиялық акциясы өтті. Іс-шараға жастар, азаматтық ұйымдардың өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, сондай-ақ белсенді жастар, еріктілер және «Жасыл Ел» жауынгерлерінен құралған барлығы 500-ге жуық адам қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатқа, қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтарын дәріптеу.
Акция шеңберінде қала тұрғындары бақылау алаңын тазартып, «Тәуелсіздік» Ту тұғырын абаттандырып, Көкшетау қаласының тау бөктерін қоқыстан тазартты.
«Ақмола облысының тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жобасын белсенді қолдайды. Бұл жоба табиғатқа, өз үйіне ұқыпты қарауға бағытталған, – дейді облыстың белсенді жастарының бірі Мендыбаев Нариман. Аталмыш іс-шараларға қатысу біздің қоғамға экологияға деген тазалық пен қамқорлықты сақтауға және насихаттауға, табиғатты қорғауға көмектеседі. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау өзінен басталуы керек», — дейді өңір белсендісі.
Жергілікті атқарушы органдар, коммуналдық қызметтер мен ұйымдар өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің, белсенділер мен тұрғындардың бірлескен күш-жігерімен қоғамдық орындардан тұрмыстық қоқыстар тазалау акциялары жүргізілуде.
Жалпы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған сәттен бастап, Ақмола облысы бойынша 550-ден астам елді мекен қамтылып, 80 мың тонна қоқыс шығарылды. Тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, 200-ге жуық көшет отырғызылып, екпелерді әктеу, су айдындары-өзендер мен көлдердің айналасын қоқыстан тазарту, 400 балалар алаңы абаттандырылып, тұрғын үйлермен қоғамдық ғимараттардың қасбеттері жөнделді.
Облыс бойынша барлығы 500 мыңға жуық адамның қатысуымен 3500-ге жуық бір реттік экологиялық іс-шаралар өткізілді.