«Астана Опера» солисі Будапештте опера премьерасында өнер көрсетеді

0
74

«Астана Опера» театрының солисі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және  халықаралық байқаулардың лауреаты Азат Мәлік осы күзде Венгрия мемлекеттік опера театрының сахнасында америкалық композитор Джон Адамстың «Қытайдағы Никсон» операсының премьерасына қатысады. Қазақстандық баритонның өнер көрсетуі 22 және 29 қыркүйекте, сондай-ақ 5 қазанда өтеді деп жоспарланған.

Еске сала кетейік, Азат Мәлік – Astana Opera Халықаралық опера академиясының, сондай-ақ Ференц Лист академиясының түлегі. Оның Венгрия мемлекеттік опера театрымен тығыз байланысы Будапештте магистратурада оқып жүрген кезінде, Ева Мартон байқауындағы жеңісінен кейін басталған еді. Бұған дейін ол Венгрия сахнасында А.Понкьеллидің «Джоконда» операсындағы Барнабаның, Ж.Бизенің «Кармен» операсында Эскамильоның,  Дж.Пуччинидің «Богема» операсында Шонардың рөлдерін ойдағыдай орындады.

– Бұйырса, қыркүйек-қазан айларында «Қытайдағы Никсон» операсының 5 спектакліне қатысамын. Ол жерде Қытай Халық Республикасы құрылғаннан бастап, өмірінің соңына  дейін осы елдің Мемлекеттік кеңесінің бірінші премьер-министрі болған Чжоу Эньлайдың басты рөлін сомдаймын. Осыған дейін Венгрия мемлекеттік опера театрында бірқатар спектакльде өнер көрсеткен едім. Сондықтан Венгрия елі мен үшін сондай ыстық, адамдары да жылы жүзді. Көрермендері операны жақсы қабылдайды. Әр спектакльден кейін ізгі тілектерін айтып, әсерлерімен бөліседі, қайтадан сол сахнада қуана күтеді, – деді «Астана Опера» солисі Азат Мәлік.

– Ұстазым – Венгрияның Халық әртісі, әлемге әйгілі опера әншісі, Ф.Лист атындағы Венгрия ұлттық музыка академиясының профессоры Ева Мартон, ал концертмейсторым – осы академияның профессоры Каталин Алтер екінші анамдай болып кетті. Маған сенім артып, мені шақырғандары үшін Венгрия мемлекеттік опера театрына ризашылығымды білдіргім келеді. Қашан барсам да, ол жақтағы әріптестерім  жақсы қарсы алып жатады, – деді опера әншісі. Сондай-ақ ол өзі де Ференц Лист академиясының түлегі екенін, сол себепті Венгрияға жолы түскенде әрдайым өз үйіне барғандай болатынын атап өтті.

«Қытайдағы Никсон» жайлы айтатын болсақ, бұл Джон Адамстың ең алғашқы операсы.  Туынды Ричард Никсонның 1972 жылы ақпанда Қытайға жасаған маңызды сапары жайлы баяндайды. Композитор өнердің тілі арқылы саясат пен әлемдік ахуалға өзіндік көзқарасын білдіруге тырысқан. Музыка сыншылары оны бірден қазіргі заманғы ең жақсы опералардың бірі деп атады. Операның әлемдік премьерасы 1987 жылы Техас штатының Хьюстон қаласындағы Гранд Опера театрында өтті. Ал Венгрия мемлекеттік опера театрының сахнасында ол театр маусымының ашылуына орай алғаш рет қойылмақшы.

– Бұл опера постмодерндік ағымдар аясында музыкалық минимализм стилінде жазылған. «Қытайдағы Никсон» операсының вокалдық партияларының бір ерекшелігі – оның әуезді айтылу стиліне бағытталғандығы. Кейіпкерлердің партияларының әуезділігі кең емес, олар бұрыштық мақамымен, жеке дыбыстардың қайталануымен, сазды және ырғақтық үлгілердің схематизмімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, үшінші акт бойынша кейіпкерлердің бөліктері күрделене түседі, бұл вокалдық сипаттамалардың дәйекті тереңдеуін көрсетеді. Бұл менің осы стильде бірінші рет орындауым, сондықтан бұл опера менің репертуарымдағы премьера болмақ, — деді А.Мәлік.

Сонымен қатар Азат Венгрия мемлекеттік опера театрында 2024 жылдың қараша, желтоқсан айларында Дж.Вердидің «Фальстаф» операсының 9 қойылымында, 2025 жылдың наурыз, сәуір айларында Дж.Пуччинидің  «Батыстан келген қыз» операсының 10 қойылымына қатысатынын айта кетуіміз керек. Сондай-ақ қазақстандық көрермендерін қуанту үшін шетелдегі өнер көрсетулерден бөлек, «Астана Опера» солисі туған театрының репертуарлық спектакльдеріне де белсенді қатысады. Операны ұнататын жандар оның өнеріне «Астана Операның» жаңа XII театрлық маусымында баға бере алады.


ПІКІР ЖАЗУ