Қарағандылық театр «Астана Операда» қонақта
Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры «Астана Операның» Үлкен залы сахнасындағы гастролін аяқтады. 16-18 тамыз аралығында өткен бұл гастроль елордалық көрермендерге жарқын әсер қалдырды. Үш күн бойы труппа симфониялық оркестрдің сүйемелдеуінде балалар мен ересектерге арналған алты сан алуан спектакль ұсынды.
Гастрольді елордалық тыңдармандарға өзінің жұмыстарымен жақсы танымал санкт-петерборлық режиссёр Юрий Александровтың қойылымындағы И.Кальманның «Сильва» опереттасы ашты. Спектакль Будапешттің мюзик-холл әлеміндегі махаббат пен қастық жайлы хикаяны баяндады. Суретші Вячеслав Окунев тамаша декорациялар мен костюмдер жасаған. Көрермендер орындаушылардың вокалдық шеберліктері мен сахнадағы әрекеттің айқындылығын жоғары бағалады.
Келесі күні көпшіліктің назарына И.Штраустың танымал музыкасына «Венециядағы түн» опереттасы ұсынылды. Режиссёр Сусанна Цирюк өтірікке, шиеленіс пен махаббатқа толы көңілді комедия жасады. Ал балетмейстер Антон Дорофеев қойылымды жарқын хореографиялық нөмірлермен толықтырып, нәтижесінде спектакль нақты бір әсемдік пен жеңілдікке ие болды.
Гастрольді Г.Канчелидің «Хануманың қулығы» музыкалық комедиясы қорытындылады. Кедейлікке тап болған ақсүйек князь Вано Пантиашвили мен оның қалталы қалыңдық іздегені туралы баяндайтын спектакльді көрермендер зор ынтамен қабылдады. Епті жеңгетай Ханума ғашық кейіпкерлерге бақыттарын табуға көмектесті.
— Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының «Астана Операдағы» гастроліне келуім мен үшін нағыз жаңалық болды. «Сильва» және «Венециядағы түн» оперетталарының асқан шеберлікпен орындалғаны сонша, мен олардың әлеміне толық енгендей болдым. Әсіресе нағыз театрлық атмосфера жасаған керемет костюмдер мен декорациялар таңғалдырды. Әртістердің ойыны мен жанды оркестр қатты ұнады. Бұл шынымен жан рақаты болды, — деп пікірімен бөлісті екі гастрольдік қойылымда болған көрермен Дулат Машиков.
Балалар бағдарламасы да үш спектакльді қамтыды. Олардың әрқайсысын көрермендер зор таңданыспен қарсы алды. Кішкентай театр сүйер қауым В.Березиннің «Күлбике» музыкалық ертегісін тамашалады. Өзінің таза жүрегінің арқасында таңғажайып ханзаданы жолықтыратын ең сұлу, мейірімді әрі еңбекқор қыз туралы хикая залдың зор қошеметіне ие болды. Кішкентай көрермендер мен олардың ата-аналары ертегі атмосферасына тәнті болды.
Н.Макаревичтің «Дымбілмес» көңілді мюзиклін де көрермендер сүйсініп тамашалады. Басты кейіпкерлердің шытырман оқиғалары балаларды бірінші көрінісінен-ақ баурап алды. Кейіпкерлердің шапшаңдылығы мен қайраттылығы, сондай-ақ бірегей музыка ешкімді бейжай қалдырмады.
Г.Х.Андерсен ертегісінің желісі бойынша Николай Макаревичтің музыкасына қойылған шытырманға толы, қызықты әрі ғибраты мол «Бұршақ үстіндегі ханшайым» мюзиклі кішкентай ән сүйер қауымға қажетті рухани сабақтарды үйренуге мүмкіндік берді. Әрине, балғындарды кейіпкерлер мен олардың түрлі-түсті костюмдері қызықтырса, ал ата-аналар мұндай спектакльдер көңілді көтеріп қана қоймай, ізгілікке, төзімділік пен батылдыққа үйрететінін атап өтті.
— Маған Күлбике туралы ертегі қатты ұнады! Ол сондай нәзік әрі мейірімді болды, ал оның көйлегі тіпті ғажап! Музыкасы сондай көңілді әрі әдемі, ханзада да керемет. Дымбілмес туралы күлкілі және қызықты мюзикльді де қатты ұнаттым. Мұндай спектакльдерге тағы да барғым келеді, – деді қойылым аяқталғаннан кейін елордалық мектептің 5 сынып оқушысы Лилия Мерг.
Көрермендер бұл гастроль жайлы оң пікірде болды. Көз қызықтырарлық жарқын спектакльдерді тамашалаған балалар қуанышқа бөленді, ал ересектер жоғары орындаушылық шеберлік пен сан алуан репертуарға баға берді. Осылайша, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының жыл сайынғы гастролі «Астана Опера» сахнасында зор табыспен өтті!