«Астана Операда» Балалар студиясына қабылдау жүріп жатыр

0
57

«Астана Опера» театрының Балалар студиясы шәкірттерге қабылдау жариялайды. Елорданың жас тұрғындарына өздерін хорда ән айту, хореография өнері, кескіндеме және сурет, сондай-ақ модельдеу, пішу және тігу бағыттарында байқап көру ұсынылады. Осының барлығы еліміздің бас опера театрының қабырғасында өтеді.

Студия 2013 жылдан бері жұмыс істейді, осы уақыт ішінде оған келу көптеген отбасы үшін игі дәстүрге айналды. Бүгінде оның құрамында бірнеше бағыт бар, атап айтсақ олар – хор, балет пен қолөнер. Өз кезегінде соңғысы «кескіндеме және сурет», «пішу және тігу» сынды бөлімшелерге бөлінеді. Қазіргі таңда құрамын кеңейтіп жатқан Балалар студиясы жаңа оқушыларды қабылдай алады.

«Кескіндеме және сурет» бағытына балаларды 6-10 жас және 11-16 жас аралығындағы топтарда күтеді. Мұнда балалар бейнелеу өнерінің негіздерін меңгеріп, сонымен қатар каллиграфия курсынан өтеді. Мұндай сирек әрі құнды үйлесім түс пен композиция сезімін, сондай-ақ ыждаһаттылықты, ұқыптылық пен ұсақ моториканы дамытады. «Модельдеу», «пішу және тігу» үйірмелеріне балалар 10 жастан бастап қабылданса, ал «құрақ құрау» 6 жастағы бүлдіршіндерге де қолжетімді, олар тоқыма бұйымдарымен және қолөнер негіздерімен ойын түрінде танысады.

Студия ұстаздары қол өнерімен шұғылдану жай ермек емес, ол бұдан әлдеқайда терең мағынаға ие іс екеніне сенімді. Балалар киім үлгілерін ажыратуды үйреніп, стильді сезінеді әрі бойларына эстетикалық талғам қалыптастырады. Матамен және жіппен жұмыс істеу, қылқаламмен сурет салу қозғалыс координациясын жаттықтырады, ал бұл баланың жалпы дамуына оң ықпалын тигізеді.

Жас шеберлердің еңбектерінің нәтижесі елеусіз қалмайды. Театр маусымының соңына қарай балалардың жұмыстары Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылатын көрмеге қойылады. Бұл олар үшін көрерменнің алдына шығатын алғашқы жауапты қадам әрі әлбетте мақтануға себеп болмақ.

Сонымен қатар «хорда ән айту» және «хореография өнері» бағыттары бойынша да қабылдау жалғасуда. Аталған бағыттар бойынша білім алу шеңберінде балалар актерлік шеберлік сабақтарынан да өтеді. Осылайша, олар шығармашылықпен айналысуды, сахнада өнер көрсетуді, қиялын шыңдап, өзіне деген сенімділікті арттыруды үйренеді, сондай-ақ кәсіби театр ортасымен танысады.

Балалар студиясының қызметі мұнымен ғана шектеліп қоймайды, студия жыл соңына дейін отбасылық бағдарламаларды ашуды жоспарлап отыр. Онда балалар ата-аналарымен бірге қолөнер шеберлерінің демалыс күнгі сабақтарына қатыса алады. Бұл оқу процесін ортақ отбасылық іске айналдыруға мүмкіндік береді және бірлескен шығармашылықтың ұмытылмас сәттерін сыйлайды.

Қабылдау әлдеқашан басталды. Балалар студиясына барлық бағыт бойынша іріктеуге өтінімдер «Астана Операның» ресми сайты арқылы қабылданады.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ