Ауылды өркендетудің алтын діңгегі: Жергілікті өзін-өзі басқару қалай жұмыс істеуі керек?

Бүгінгі күні мемлекет тарапынан аймақтарды дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және мемлекеттік басқару ісіне азаматтарды тікелей қатыстыру бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Осы орайда, Қарағанды облысы Ішкі саясат басқармасының тікелей қолдауымен «BasQaru» қорының ұйытқы болуымен Қарағанды аймағында «Жергілікті BasQaru» жобасы сәтті іске асырылуда. Жобаның мән-жайы, ауылдық жерлердегі түйткілді мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы жоба жетекшісі, заңгер, Ұлттық экономика министрлігі Жергілікті өзін-өзі басқару басқармасының бұрынғы басшысы Марғұлан Ермағанбетұлымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Марғұлан Ермағанбетұлы, елімізде өңірлерді дамытуға баса мән беріліп жатқаны белгілі. Осы орайда қолға алынған «Жергілікті BasQaru» жобасының басты мақсаты мен өзектілігі неде екенін тарқатып айтып берсеңіз?
– Ең алдымен, бұл бастаманың өзектілігі Президентіміздің әр Жолдауында айтылып жүрген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда ауылдық деңгейдегі жергілікті қоғамдастықтардың әлеуетін көтермейінше, өңірлерді сапалы дамыту мүмкін емес.
«Жергілікті BasQaru» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттырып, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі олардың рөлін күшейту. Шын мәнінде, қазіргі таңда ауыл тұрғындары өздерінің бюджетті бақылауға, ауылды абаттандыруға және әкімнің жұмысына баға беруге тікелей құқылы екенін толық біле бермейді. Біз осы олқылықтың орнын толтырып, халық пен билік арасындағы алтын көпірді нығайтуды көздеп отырмыз.
– Өзіңіз атап өткендей, жергілікті қоғамдастықтардың өкілеттіктері мен құқықтары «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңмен 2013 жылдан бері реттеліп келеді. Арада он жылдан астам уақыт өтсе де, ауылдық жерлерде бұл тетіктер неге әлі де толық жұмыс істемей жатыр? Бұған не кедергі?
– Бұл – өте орынды және ауыр сұрақ. Иә, заңнамалық база 2013 жылы қаланды. Мәселе заңның жоқтығында емес, оның жергілікті жерде дұрыс қолданылмауында.
Жобаны іске асыру барысында өңірдегі бірқатар ауылдарды аралап, тұрғындармен және әкімдермен тікелей кездескенде көз жеткіздім: бүгінгі таңда ауыл әкімдерін кәсіби тұрғыдан оқыту жақсы жолға қойылғанымен, ауылдағы жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі органы – жергілікті қоғамдастық жиналыстарын қалыптастыру мен ұйымдастыру процесі әлі де бұрмалаулармен жүзеге асырылып жатыр. Әлі күнге дейін халық арасында «жиын» мен «жиналыс» ұғымдары шатастырылады. Тұрғындардың барлығы қатысатын «жиын» мен заң бойынша сайланған делегаттар қатысып, нақты бюджетті бекітетін «жиналыстың» айырмашылығын көпшілігі біле бермейді. Салдарынан заң талаптары формальды түрде ғана орындалып қалады.
– Өзіңіз 2013–2016 жылдары Ұлттық экономика министрлігінің Жергілікті өзін-өзі басқару басқармасын басқардыңыз, осы саланы реттейтін бірнеше заңдар мен заңға тәуелді актілерді тікелей әзірлеушілердің бірісіз. Бұл саланың «асханасын» ішінен білетін маман ретінде жергілікті жердегі бұл олқылықтарды жою үшін қандай нақты қадамдар жасалуда?
– Расында да, бұл нормалардың қалай қабылданғанын, кодификация кезінде қандай мақсат қойылғанын жақсы білемін. Заң қағаз жүзінде қалып қоймауы үшін, оны өмірге енгізу керек. Осы мақсатта Қарағанды облысының Ішкі саясат басқармасымен бірлесіп ауқымды кешенді шараларды қолға алдық.
Бүгінде атқарылып жатқан жұмыстар бірнеше бағытты қамтиды:
• Құқықтық оқыту және әдістемелік көмек: Ауылдық жерлерде қоғамдастық мүшелеріне арналған арнайы семинарлар өткізіліп, олардың құқықтарын түсіндіретін қарапайым әрі түсінікті нұсқаулықтар әзірленді.
• Даму жоспарлары: Әрбір ауылдық округтің әлеуетін арттыру үшін жергілікті қоғамдастықтардың даму жоспарларын жасауға қолдау көрсетілуде.
• Ынталандыру және байқаулар: Белсенділікті арттыру мақсатында дәстүрлі түрде «Үздік ауыл әкімі» және «Үздік жергілікті қоғамдастық» байқаулары ұйымдастырылуда. Бұл – аймақтағы басқа ауылдарға үлгі болатын қадам.
• Оң тәжірибелерді тарату: Ең үздік жұмыс істеп жатқан қоғамдастықтардың жұмысы зерделеніп, бірегей кейстер жинағы дайындалуда.
Мұнан бөлек, жоба аясында Өңірлік мемлекеттік басқару академиясында ауыл әкімдерін жергілікті өзін-өзі басқару тетіктеріне оқыту курстарын тұрақты түрде жүргізіп келемін. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығы мен біліктілігі артпайынша, ауыл алға баспайды.
– Бүгінгі таңда заман талабына сай цифрландыру мәселесі де маңызды ғой. Ауылдардағы жиналыстарды өткізуде цифрлық құралдар қалай қолданылып жатыр?
– Бұл өте орынды сұрақ. Қазіргі кезде ауылда маусымдық жұмыстар (егін, мал шаруашылығы) кезінде немесе тұрғындардың басқа жаққа көшуіне байланысты бетма-бет жиналысқа кворум жинау үлкен мәселеге айналатыны жасырын емес.
Заңнама бұл түйткілді шешу үшін цифрлық объектілерді қолдануға толық жол береді. Мысалы, Zoom платформасы, ресми чаттар немесе электронды дауыс беру құралдары арқылы қашықтан қатысып, шешім қабылдауға болады. Біз өз тренингтерімізде ауыл әкімдері мен белсенділеріне осы цифрлық құралдарды қалай заңды түрде қолдану керектігін, хаттаманы қалай дұрыс ресімдеу қажеттігін тәжірибе жүзінде көрсетіп жатырмыз.
– Алдағы уақытта бұл ауқымды жоба қалай қорытындыланбақ? Жалпы, жергілікті өзін-өзі басқарудың болашағын қалай бағалайсыз?
– Алдағы уақытта атқарылған жұмыстарды қорытындылау мақсатында өңірдегі жергілікті қоғамдастықтардың, әкімдер мен сарапшылардың қатысуымен ауқымды қорытынды конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жиын – барлық жетістіктерді саралап, жіберілген қателіктерді талдап, алдағы міндеттерді айқындайтын маңызды диалог алаңы болмақ.
Жергілікті өзін-өзі басқару – бұл тек қағаздағы есеп немесе формальды шара емес. Бұл – әрбір ауыл тұрғынының өз өміріне, туған жерінің ертеңгі күніне жауапкершілікпен қарауының көрінісі. Егер ауылдың әлеуеті артып, халық өз бюджетін өзі бақылай бастаса, еліміздің экономикасы нығайып, мемлекет пен қоғам арасындағы сенім тереңдей түседі. Атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп, әрбір ауылдық округ нағыз дербес әрі белсенді басқару орталығына айналатынына кәміл сенемін.
– Мазмұнды әрі терең сұхбатыңызға көп рақмет! Жобаңызға сәттілік тілейміз.







