Берклиге түсіп, Қазақстанға 10 млрд долларлық жобаны алып келуге үлес қосты: 19 жастағы қазақстандықтың жетістік жолы

0
8

Елнар Салпеков небәрі 19 жаста. Ол – Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі, бүгінде әлемдегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Калифорния университетінің Беркли кампусында білім алып жүр. Сонымен қатар 70-тен астам Қазақстан және Өзбекстан университетімен жұмыс істейтін жеке стартапын дамытып келеді. Жақында командасымен бірге Павлодар облысында заманауи жасанды интеллект деректер орталығын салуға бағытталған құны 10 млрд доллар болатын жобаның Қазақстанға келуіне үлес қосты.

Елнардың айтуынша, мұның бәріне ол орта мектепте оқып жүрген кездің өзінде-ақ «шын ниетпен еңбек етсең, мүмкін емес нәрсе жоқ» екенін түсінгенінің арқасында қол жеткізген.

«Ол кезде жасым 12-13-те еді. Досым екеуміз жеміс чипсыларын жасап, мектепте сатып, қалта шығынымызды табатынбыз. Кейін осыны нағыз бизнеске айналдыруды ойладық. Бір күні досым кездейсоқ инвестормен танысып қалды. Ол мейрамхана иесіне барып, идеямызды айтып көрген екен. Таңғаларлығы, ол бізді тыңдауға келісті. Кейін бизнес-жоспар дайындап, жобамызды таныстырдық. Сөйтіп ол бізге 60 мың доллар инвестиция салды. Меніңше, оған біздің мектеп оқушысы болғанымыз қызық көрінген шығар. Әрине, компанияның негізгі жұмысын ересектер жүргізді. Бірақ дәл сол кезде мен өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ екенін түсіндім. Содан бері үнемі жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жобаларды іздеумен келемін», – дейді ол.

Алғашқы бизнесі ұзақ жұмыс істемегенімен, Елнардың айтуынша, дәл сол тәжірибе оның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертті.

Кейін ол Халықаралық тарих олимпиадасында (International History Olympiad, IHO) медаль жеңіп алған алғашқы қазақстандық атанды. Сонымен қатар ауыл мектептерінің оқушыларына Назарбаев Зияткерлік мектептеріне түсуге көмектесті және өзі де мектепте оқып жүрген кезінде командасымен бірге елдегі мемлекеттік органдарда мектеп оқушыларына арналған мыңнан астам тағылымдама ұйымдастырды.

Дәл осы кезеңде Елнар АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Лаура Вайгорова бірлесіп құрған Study With Us білім беру бағдарламасының қатысушысы болды. Бағдарлама дарынды мектеп оқушыларын шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге тегін дайындаған.

«Мен халықаралық емтихандарға дайындалып, SAT бойынша 1500 балл, IELTS-тен 8.0 ұпай жинадым. Кейін Smartest Prep орталығында Лаура менің эсселерімді өзі тексеріп, құжаттарымды дайындауға көмектесті. Менің оқуға түсуімде оның еңбегі өте зор болды. Ол әрдайым жобаларым мен бастамаларыма қолдау көрсетіп жүрді, кейде байланыстарымен, кейде жылы сөзімен, кейде ақыл-кеңесімен көмектесті. Кейін жақсы достарға айналып, әлі күнге дейін араласып келеміз», – дейді Елнар.

Осының нәтижесінде Елнар Калифорния университетінің Беркли кампусына оқуға түсті. Оның оқу ақысын Google компаниясының бұрынғы бас директоры Эрик Шмидт негізін қалаған Rise қоры толықтай қаржыландырады.

Оқу барысында Елнар досы Асқар Әлмұхаметовпен бірге Қазақстан университеттеріне түсу үдерісін жеңілдететін Q App стартапын құрды. Бүгінде платформаны Қазақстан мен Өзбекстандағы 70-тен астам жоғары оқу орны пайдаланады. Жобаға 200 мың доллардан астам инвестиция тартылған.

«Біз Қазақстан университеттеріне онлайн түрде құжат тапсыруға арналған платформа жасап жатырмыз. Қазір көптеген талапкер өз қаласы немесе ауылынан келіп, кезекте тұрып, құжаттарын жеке тапсырады. Біз осы процесті цифрландырып жатырмыз. Адам бір рет өтінім толтырып, бірден бірнеше университетке құжат жолдай алады», – дейді ол.

Алайда Елнардың өміріндегі ең ауқымды жоба – Қазақстанға жасанды интеллект саласындағы әлемдегі ең ірі жобалардың бірін тартуға қатысуы болды.

Берклиде оқып жүрген кезінде оның серіктесі Асқар Әлмұхаметов Firebird компаниясының негізін қалаушы, NVIDIA-ның ресми серіктесі Размик Овакимянмен танысты. Firebird компаниясы жасанды интеллектке арналған заманауи деректер орталықтарын салады. Мұндай есептеу кешендері ChatGPT секілді жасанды интеллект жүйелерінің сұраныстарын өңдейді. Компания алғашқы осындай жобаны Арменияда 4 млрд долларға жүзеге асырған. Ал келесі нысанды Қазақстан, Өзбекстан және Тунис арасында таңдаған.

«Размик бізге хабарласты. Біз оларды Қазақстанға келуге көндірдік, елдің мүмкіндіктерін көрсеттік, мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесулер ұйымдастыруға көмектестік. Нәтижесінде олар басқа нұсқалардан бас тартып, Қазақстанды таңдады. Қазір компания 2027 жылы салынуы жоспарланған жасанды интеллект деректер орталығының құрылысына 10 млрд доллардан астам инвестиция салмақ», – дейді Елнар.

Бұл жетістікке Пенсильвания университетінің Уортон бизнес мектебінде (UPenn Wharton) білім алып жүрген, сондай-ақ Study With Us бағдарламасының түлегі Жания Кенжегалиева да елеулі үлес қосты. Ол Firebird командасының Қазақстанға сапарына қатысты аналитикалық және таныстырылым материалдарын әзірлеуге, сондай-ақ сапарды ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіруге қатысқан.

Елнардың айтуынша, бұл жобаның маңызы тек инвестиция көлемімен ғана өлшенбейді.

«Бұл биткоин майнингіне арналған деректер орталығы емес. Мұнда мүлде басқа бағыт көзделген. Мұндай орталықтар жасанды интеллект жүйелерінің сұраныстарын өңдеп, есептеу қуатын бүкіл әлемге сатады. Демек, Қазақстан жоғары технологиялы цифрлық өнімді экспорттай алады. Жоба елге жыл сайын 2 млрд доллардан астам экспорттық табыс әкелуі мүмкін. Бұл Қазақстанның қазіргі ІТ экспортының көлемінен де жоғары. Ең бастысы, елімізде өзіміздің AI-инфрақұрылым қалыптасады. Бұл Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы тәуелсіздігін айтарлықтай күшейтеді», – дейді ол.

Шетелде табысты мансап құруға мүмкіндігі бола тұра, Елнар бүгінде өз жобаларын Қазақстанда дамытуды таңдаған. Осындай ауқымды бастамаларды жүзеге асыру үшін ол оқуынан академиялық демалыс алған. Кейін Берклиге қайта оралып, білімін аяқтауды жоспарлап отыр.

«Жеміс чипсыларын сатып бастаған сол алғашқы тәжірибе маған өмірде бәрі мүмкін екенін көрсетті. Бәлкім, дәл сол оқиға болмағанда Беркли де, біздің стартап та, Firebird-пен бірге жүзеге асырып жатқан жоба да болмас еді. Ең бастысы,қорықпай әрекет ету», – дейді Елнар.


ПІКІР ЖАЗУ