Астана Операның» балалар студиясы жаңа маусымға дайындалуда

0
11

Осы жазда «Астана Операның» Балалар театр студиясы алғаш рет шығармашылық лагерь ұйымдастырып, онда балаларды екі ауысымда қабылдады. Әр ауысымның ең жоғары сыйымдылығы 20 адамды құрады, сондықтан ниет білдірушілер әрқашан орын санынан сәл көп болды. Бұл таңғаларлық жайт емес, өйткені лагерь бағдарламасы шынымен де өте мазмұнды болып шықты.

Күн сайын балалар хореография, актерлік шеберлік, хорда ән айту, пішу және тігу, кескіндеме және сурет, каллиграфия сынды алты бағыт бойынша шығармашылық әлеміне бойлады. Дегенмен көпшілік үшін театрдың ішкі тыныс-тіршілігімен танысу ең басты жаңалық болды. Мәселен жазғы бағдарлама аясында театрға арнайы экскурсия ұйымдастырылып, ол балаларға ұмытылмас әсер сыйлады. Театр сүйер балғындар шымылдықтың ар жағына саяхаттап, сахна механикасының қалай құрылғанын, жарық пен дыбыстың қалай реттелетінін, грим қалай салынатынын, сондай-ақ бутафор, костюмерлік, аяқ киім және тігін цехтарының қызметін, дыбыс бөлімі мен театр кітапханасының қалай жұмыс істейтінін өз көздерімен көрді.

— «Астана Опера» Балалар студиясының әкімшілігі мен жазғы шығармашылық лагерьдің барлық ұстазына осынау жарқын, мазмұнды әрі шабытқа толы күндер үшін шексіз алғысымды білдіргім келеді! Қызым сіздердің лагерьлеріңізде алғаш рет қолына ине мен жіп алып, тіпті бірнеше қолөнер бұйымын да тігіп үйренді. Қызықты шығармашылық сабақтар мен театр ішіне ұйымдастырылған алуан түрлі экскурсиялар үшін рақмет. Кәсіби шеберліктеріңіз, жылы атмосфера (балалардың сіздерді қалай жақсы көріп кеткенін өз көзімізбен көрдік), жаңа өнертабыстар мен балаларға сыйлаған бақытты сәттеріңіз үшін мың алғыс. Мұндай шығармашылық лагерьлер өте қажет, біз сіздерге міндетті түрде қайта ораламыз, – деп атап өтті Эльмира Ғаббасова.

Ұйымдастырушылар алдарына каникул кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың шығармашылықта бағын сынап, өздеріне не жақын, не жат екенін түсінуіне көмектесу секілді маңызды міндет қойды. Бұдан бөлек, лагерь Балалар студиясының аудиториясын кеңейтуді көздеді, өйткені бұл студия туралы, негізінен, өнермен тікелей байланысы бар адамдар ғана білетін еді. Пікірлерге қарағанда, бұл мақсат орындалды: көптеген балалар кейінірек ата-аналарымен бірге Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны», Дж.Вердидің «Аида» операларын, М.Жаррдың музыкасына қойылған «Париж Құдай анасының соборы» балетін және К.Байсейітова атындағы Камералық залдағы концерттерді тамашалады. Осылайша, өнермен шығармашылық жүздесу театр студиясының аясынан әлдеқайда алысқа құлаш сермеді.

XIV театр маусымында 3 қыркүйектен бастап «Астана Операның» Балалар студиясы өз жұмысын қайта бастайды. Қазіргі уақытта студияға қабылдау жүріп жатыр, ол тамыз айы бойы жалғасады, өтінімдер театр сайтында қабылданады. Еске сала кетейік, студия хор, балет және қолөнер сынды үш бөлім бойынша жұмыс істейді. Жас хор әртістері репертуарлық опералар мен К.Байсейітова атындағы Камералық залдың концерттеріне қатысса, балет бөлімінің тәрбиеленушілері классикалық бидің негіздерін меңгереді, ал қолөнер студиясында балалар театр мамандықтарымен (бутафор, киім пішуші) іштей танысады.

Студия жұмысының қорытындысы бойынша ата-аналар да, балалар да «Астана Опера» ұжымына көптеген жылы лебіздерін білдіруде. Жаңа маусым да дәл осылай жарқын болмақ, театр шығармашылыққа жаны құштар жеткіншектер үшін өз есігін айқара ашады.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ