Павлге сый және әулие Петр: Төл атауларымызды қайтаруға не кедергі?

0
8

Ономастика ежелгі грек тілінен аударғанда «ат қою өнері» дегенді білдіреді. Аталған ғылым, өз кезегінде, зерттейтін саласына қарай бірнеше топқа бөлінеді. Соның бірі топонимика — географиялық нысандардың атауын зерттейді.

Тарихи деректерге сүйенсек, Қазақстанда жер-су атаулары мен елді мекендердің ауысуы XIX ғасырдан бастау алады. Патшалық Ресей мен Кеңестік дәуір кезеңінде Уральск, Гурьев, Семипалатинск, Павлодар, Петропавл атаулары пайда бола бастады. Тәуелсіздік жылдары Тараз, Атырау, Ақтау қалаларына тарихи атауы қайтарылып, Өскемен, Орал елді мекендері қазақ тілінің дыбысталу заңдылығына қарай өзгерген.

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 25 мың ономастикалық атаулардың, шағын аудандар мен көшелердің атаулары өзгертілген. Соған қарамастан, қазіргі күнге дейін елімізде ономастикалық мәселе өзекті болып тұр. Әсіресе елдің Солтүстік, Шығыс, Батыс аймақтарында кеңестік дәуірден қалған атаулар жиі кездеседі. Осы мәселе бойынша тарихшы, әлеуметтік ғылымдар магистрі, зерттеуші Ғалымтай Төлепбергеновпен сұхбаттастық.

— Тәуелсіздік жылдарында көптеген елді мекен атауы өзгертілді. Дегенмен, Петропавл, Павлодар секілді қалалардың атауын өзгерту мәселесі әлі де талқыланып келеді. Бұл қалалардың байырғы тарихи атауларының ғылыми негіздемесі қандай және оларды қайтарудың объективті алғышарттары бар ма?

— Ең алдымен, жер-су атаулары қалай өзгерді? Осыдан бастау керек. Алғашқы дуандар жер-су атын бірден өзгерткен жоқ, оның транскрипциясын өзгертті. Мысалы, Көкшетау — Кокчетавский, Баянауыл — Баянаульский деген округтер болды. Олардың 99%-ы XIX ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың басынан бастап, 50-60 жылдары пайда бола бастады. Бұл туралы Герольд Бельгер: «Сарыарқаның даласындағы жүздеген тарихи атаулар жоғалып, бірден Александровкалар қаптап кетті», — деп жазды. Жердің тарихи негіздемесін өзгерту үшін оның атауын өзгерту керек. Оның атауын қосылып жатқан негізгі метрополияға жақындату керек. Бұл жұмыс қазақ даласында 100 жылдай жүргізіліп, енді 35 жыл бойы тарихи атауларды қалпына келтіре алмай жатырмыз. Бірақ бұнда тұрған ештеңе жоқ. Бұның бәрінің тарихи негіздемесі бар. Сонымен қатар, Патша үкіметінің шешімімен жасалған «Памятная книжка Акмолинской области» еңбегі бар. Сол еңбекте елді мекендердің тарихи атаулары сақталған.

— Қала және аймақ атауларын тарихиландыру үдерісіне не кедергі? Мұрағаттық деректердің тапшылығы ма, әлде қоғамдағы пікір алуандығы ма?

— Тарихиландыру үдерісіне субъективті себептер мен тарихи атауларды қалпына келтіру методологиясы әсер етеді. Құқықтық жағынан шешу мәселесі тұр. Бізде әлі советтік инерция бар. Патша заманында жер-су атауларын өзгерту қалай жүзеге асты, қандай процедуралармен атқарылды? Ол жерде ешкім қоғамдық тыңдауды ұйымдастырмады. Әуелде қалай өзгертілді, солай қалпына келтіру керек. Сол кездегі өзгерту жұмысы заңсыз болды. Біз соны дәлелдеуіміз керек. Жер-су атауларын қалпына келтіру жұмысында әр атауды заңдастыру керек. Бұл мәселені қоғамдық пікір арқылы өзгертуге болмайды. Оны тарихи деректер арқылы дәлелдеп, БАҚ құралдары арқылы жариялау керек. Сонымен қатар, тарихшылар ғылыми негіздемесін қабылдап, ономастармен бірігіп жасауы қажет.

Сонымен қатар, ғалым 10 жыл уақыттан бері Жәпек батыр атын көшеге бере алмай жүргенін де айтты. Бұндай мәселелерді шешу үшін ономастика комиссиясының мүшелері тарихшылар мен өлкетанушылармен бірлесе жұмыс жасауы керек деп мәлімдеді.

— Өңірлерге төл тарихи атауларды берудің маңызы қандай?

— 1925 жылы ЦИК-тің шешімімен Қызылжар атауы өзгертілді. Бірақ, Голощекиннің билікке келуіне байланысты ол атау кейінге қалдырылды. Павлодар, Петропавл қалалары Әулие Петр  мен патша Павелдің құрметіне қойылған. Павлодар — «Павелге сый» («Павлу дар») деген мағынада қойылған. Сол себепті, бұл атаулар Қызылжар, Баянауыл немесе Ертіс қаласы деп өзгертілуі тиіс. Тарихи атауларды өзгерту үшін құзыреттілігі (компетенциясы) бар ғалымдар кеңесі құрылып, комиссия мүшелерімен талқыланып, шешім қабылдануы керек. Павлодар, Петропавл атауларының қазіргі уақытқа дейін сақталуының өзі — провокация. Бұндай атаулардың ұзақ сақталуы сепаратизмге, қоғамдағы ала-құлалыққа әкеледі. Бұндай атауларды тарихтандыру керек, саясаттандыру емес. Бұндай мәселелерді қоғам пікіріне салу — сауатсыздық.

— Еліміздегі ономастикалық зерттеулердің бүгінгі деңгейіне қандай баға берер едіңіз, тарихшылар мен ономастар арасындағы байланыс қаншалықты тығыз? деген сұраққа зерттеуші ономастикалық бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіру қажет  екенін жеткізді.Сонымен қатар екі сала мамандары арасындағы байланыстыі әлсіздігін айтып, әсіресе тәуелсіз ой-тұжырым айтатын тарихшылар пікірі елене бермейтінін алға тартты.

Тастанбек Аяулым Шалхарқызы


ПІКІР ЖАЗУ