«Адырна» ұлттық порталының 15 жылдығы: үздіктер марапатталды

0
57

Ұлттық музейдің төрінде «Адырна» ұлттық порталының 15 жылдығы мен 2025 жылдың үздіктерін марапаттауға арналған салтанатты кеш өтті. Мереке қоғам, мәдениет және ақпарат саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды ұлықтауға арналды.

Салтанатты кеш ұлттық өнермен ашылып, поэзия, дәстүрлі ән, күй және хореографиялық қойылымдармен жалғасты. Мұқағали Мақатаевтың «Бақыт деген» өлеңі мен Ақан серінің «Ләйлім шырақ» әнін Музыкалық жас көрермендер театрының әртістері орындады. Көрермендер кештің рухани мәнін сезініп, салтанатты сәттерге куә болды.

Кештің негізгі бөлігі — марапаттау рәсіміне арналды. «Қазақ қыраны» медалімен атақты жазушы Төлен Әбдік пен  жазушы-драматург Роза Мұқанова және композитор, продюсер, мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев пен өз саласындағы елеулі еңбегі үшін құрметке ие тұлғалар марапатталды.

Жыл қорытындысы бойынша үздіктер әртүрлі номинациялар бойынша марапатталды:

  • «Жылдың үздік депутаты» — Ерболат Саурықов
  • «Жылдың үздік спортшысы» — Темірлан Анарбеков
  • «Жылдың үздік креативті директоры» — Ақмоншақ Нұртаза
  • «Жылдың үздік журналисі» — Руслан Өтепбай

Сонымен қатар, арнайы номинациялар бойынша: «Жылдың іскер әкімі», «Халық әкімі», «Үлгілі әкім», «Қоғам қолдаған министр», «Халық таңдаулысы», «Халық көзайымы», «Оқырман таңдауы», «Таңдаулы жоғары оқу орны», «Жылдың таңдаулы YouTube жобасы» бойынша жеңімпаздар анықталды.

Мерейтойлық кеш — бұл тек порталдың 15 жылдық тарихын емес, сонымен бірге елдік құндылықтар, өнер мен қоғамдық жауапкершіліктің тоғысқан маңызды мәдени оқиға екенін көрсетті. «Адырна» ұлттық порталын алдағы уақытта да ұлттық мүдде мен сапалы ойдың мінбері болып қала беруіне тілектеспіз.

Материал дайындаған Күннұр Болатбек


ПІКІР ЖАЗУ